Профилактикалық шаралар мен вакцинация облыста қауіпті инфекциялардың таралмауына көмектеседі
Қадағалау және дер кезінде жүргізілген алдын алу шараларының арқасында облыста тырысқақ, оба, туляремия, сібір жарасы, пастереллез, лептоспироз, листериоз, құтыру және басқа да өмірге қауіпті аурулар тіркелмеген.
Бұл туралы Абай облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Тоқтабаева өңірлік коммуникациялар қызметі баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Сондай-ақ, Айгүл Тоқтабаева қоғамда екпе алмаған азаматтар көбейсе, ұжымдық иммунитет сөзсіз төмендейтінін баса айтты. Соның салдарынан қоршаған ортада қызылша, көкжөтел сияқты қауіпті инфекцияларды тудыратын қоздырғыштардың саны артып келеді.
Облыста қызылшаға қарсы екпе алуды қажет ететін 13 071 бала мен жасөспірім анықталды. Оның ішінде 7012 бала екпе алды. Жалпы облыста соңғы жарты жылда профилактикалық екпелерді оңтайлы қамтуға қол жеткізілді.