Қазақстанда 39 инфекция бойынша сырқаттанушылық төмендеді
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен жаңа жылдағы бірінші Үкімет отырысында Қазақстандағы қазіргі санитариялық-эпидемиологиялық ахуал қаралды.
Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың айтуынша, 2023 жылдың қорытындысы бойынша жұқпалы аурулар бойынша эпидемиологиялық ахуал тұрақты болып қалды. Алдын алу шараларының арқасында 20 аса қауіпті жұқпалы ауру тіркелген жоқ, олардың арасында оба, тырысқақ және полиомиелит бар. Сондай-ақ 39 инфекция бойынша, оның ішінде коронавирус, ротавирус және жіті ішек инфекциялары бойынша сырқаттанушылық төмендеді.
Қазіргі уақытта жіті респираторлық инфекциялармен сырқаттанудың кезекті маусымы жүріп жатыр, ол жыл сайын қазаннан мамырға дейін созылады. Алдын алу мақсатында өткен жылы қауіп-қатер тобына жататын 2,4 млн адам тұмауға қарсы екпе алды, бұл халықтың 12%-ын құрайды. Бұл ретте ДДСҰ ұсынатын деңгей кемінде 10%-ды құрайды.
Жалпы эпидемиологиялық маусым басталғаннан бері стационарларда 31 мыңнан астам науқас емделді, 2 млн-нан астам науқас амбулаториялық ем алды. Ел бойынша барлығы 10 мыңға жуық инфекциялық төсек-орын қойылды, олардың ішінде балалар үшін шамамен 3 мың төсек-орын қарастырылған.
COVID-19 пандемиясының аяқталуына қарамастан, тиісті бақылау жалғасып жатыр. Қазақстанда коронавирустық инфекция бойынша жағдай тұрақты. Соңғы жарты жылда ай сайын 100-ден 400-ге дейін жағдай тіркелген, бұл коронавирустың жыл бойы таралатынын растайды.
2023 жылдың соңында елде 29 мыңнан астам қызылша жұқтыру жағдайы тіркелді, оның 80%-ы 14 жасқа дейінгі балаларға тиесілі. 1 қаңтардан бастап 1 674 қызылшамен сырқаттанушылық тіркелді. Жағдайды тұрақтандыру үшін өткен жылы жоспар бойынша вакциналау жүргізілді, нәтижесінде алты жасқа дейінгі 700 мыңға жуық бала екпе алды.
Оған қоса Үкімет резервінен қаражат бөлініп, қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы 1,5 млн доза вакцина сатып алынды. Бүгінгі таңда қосымша вакциналау аясында 930 мыңнан астам адам екпе алды, күн сайын 20 мыңнан астам адам вакцина алуда.
Өңірлерде қызылшаға қарсы иммунизацияны күшейту жөніндегі шаралар туралы Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев пен Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов айтып берді.
Премьер-Министр мониторинг қорытындысы бойынша өткен жылы ең қауіпті инфекциялармен ауырған науқастар тіркелмегенін айтты. Бұл ретте кең таралған вирустық инфекциялар бойынша да көрсеткіштер төмендеді.
«Тек өткен жылдан бері елімізде қызылшамен ауырғандар саны айтарлықтай өсіп кетті. Ол соңғы 10 жылда болмаған көрсеткішке жетіп отыр. Олардың 80%-ға жуығы – 14 жасқа дейінгі балалар. Ауырғандардың көпшілігі – тиісті екпе алмағандар», — деді Әлихан Смайылов.
Сонымен қатар Үкімет басшысы екпе алмаған науқастардың ауруы асқынып кету қаупі жоғары екенін айтты. Дегенмен ата-аналардың арасында балаларына екпені әдейі салғызбай, бас тартып отырғандардың қатары аз емес, мұның соңы ауыр зардаптарға алып келуі мүмкін.
«Жағдайды тұрақтандырудың жалғыз жолы – екпе салу. Қызылшаға қарсы жаппай иммунизация жүргізу үшін қосымша 1,5 млн доза вакцина сатып алынды. Осы мақсаттар үшін Үкімет өткен жылдың қыркүйек айында резервтен 3 млрд теңгеден астам қаражат бөлді. Алайда, көріп отырғанымыздай, кейбір өңірлерде қызылшаға қарсы иммунизациямен қамту деңгейі әлі де төмен», — деді Премьер-Министр.
Осыған байланысты Әлихан Смайылов қызылшаға қарсы вакциналау жұмыстарын күшейтуді, сондай-ақ басқа да профилактикалық екпелермен вакциналауды жандандыруды тапсырды.
«Жол қатынасы қиын және шалғайдағы ауыл тұрғындарын вакциналау үшін жағдай жасау керек», — деді Үкімет басшысы.
Сондай-ақ Үкімет басшысы медицина қызметкерлерінің жауапкершілігін арттыра отырып, әсіресе ауылдық жерлерге жеткізу кезінде вакциналарды сақтау мен тасымалдаудың тиісті режимін қамтамасыз ету қажеттігін айтты.
«Баспасөзде және әлеуметтік желілерде вакцинацияға қатысты әдейі жалған ақпараттың таралуына мониторинг жүргізіп, олардың алдын алу керек. Учаскелік деңгейдегі медицина қызметкерлері ата-аналарға профилактикалық екпенің балалар үшін маңыздылығы мен қауіпсіздігі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуі тиіс», — деп түйіндеді Премьер-Министр.