Үкімет жаңа қант зауыттарын салу үшін инвесторларға бұрын-соңды болмаған қолдау шараларын көрсетеді
Үкіметте вице-премьер Серік Жұманғариннің төрағалығымен биыл қант қызылшасын жинау және өңдеу мәселелері талқыланған кеңес өтті.
Субсидиялар, салықтық жеңілдіктер, дайын инфрақұрылымы бар жер учаскесін беру, жеңілдетілген кредиттік ресурстарға қол жеткізу түріндегі мемлекеттік қолдау Қазақстанда қант зауыттарын салғысы келетін инвесторларға көрсетілетін болады.
Қант қызылшасын өсіру және өңдеу көлемін ұлғайту жөніндегі мемлекеттік саясатқа сәйкес, 2024 жылы егіс алқабы 25,2 мың гектарға дейін ұлғайтылды, ол өткен жылмен салыстырғанда екі есеге жуық (13,4 мың га). Жетісу және Жамбыл облыстарында қант қызылшасының күтілетін жалпы өнімі 436 центнер өнімділікпен 1,1 млн тоннаны құрайды, бұл былтырғы нәтижеден екі есе дерлік артық.
Қант зауыттарының жұмыс істеп тұрған қуаттары қазірдің өзінде қант қызылшасы дақылдарының өсіп келе жатқан көлемін қиындықпен өңдеуде. Көксу қант зауытының өңдеу қуаты – 250 мың тонна, Ақсу – 350 мың тонна, Меркіде – 200-300 мың тонна көлемінде. Шикізатты өңдеу мерзімін ұзарта отырып, зауыттар биылғы жылы болжамды өнім көлемін 1,1 млн тоннаға жеткізе алады. Бұл көлем шамамен 120-130 мың тонна қызылша қант өндіруге мүмкіндік береді. Бұл ретте елдің жыл сайынғы қажеттілігі 550 мың тоннаны құрайды, оның ішінде 300 мың тоннаға жуығы – тұрғындардың қажеттілігі.
«Қантпен толық өзін-өзі қамтамасыз етуге көшу – біздің стратегиялық мақсатымыз, бұл азық-түлік қауіпсіздігін арттыру және импортқа тәуелділікті төмендету үшін қажет. Ол үшін қызылшаны өңдеу қуатын 3 млн тоннаға дейін жеткізу керек. Бұған біз жұмыс істеп тұрған Меркі және Тараз зауыттарын жаңғырту және жаңа кәсіпорындар салу есебінен қол жеткізе аламыз. Мемлекетке жаңа қант зауыттары қажет және біз мүдделі инвесторларға преференциялардың кең спектрін көрсетуге дайынбыз: субсидиялар, салықтық жеңілдіктер, дайын инфрақұрылымы бар жер учаскесі, жеңілдікті несиелік ресурстарға қолжетімділік. “Қазақинвест" АҚ, АШМ, әкімдіктермен және "Бәйтерек” ҰБХ АҚ-мен бірлесіп елімізде жаңа қант зауыттарын салуға инвесторлар тарту үшін белсенді науқанды бастауды тапсырамын», — деді вице-премьер Жұманғарин.