Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының елдері жастар саясатындағы өзекті мәселелерді талқылау үшін Қазанда бас қосты
Татарстан астанасы Қазан қаласында Жаһандық жастар саммиті өтуде. Оған 50-ден астам Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы елдерінен, соның ішінде Қазақстаннан да делегат қатысып жатыр.
Жиынның басты тақырыбы – цифрландыру және жастар саясатының заманауи тетіктері. Жасанды интеллект және виртуалды шындық, жастар арасындағы цифрлық трендтер бойынша сессиялар жоспарланған.
Жиын қатысушылары жаһандану дәуірінде дәстүрлі құндылықтарды сақтау мәселесін де талқылады. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының орынбасары Біржан Әлімжанов Қазақстанда бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
«Қазақстанда дала демократиясының дәстүрлерін сақтау үшін 2022 жылдан бастап ел Президенті жанындағы Ұлттық құрылтайдың жыл сайынғы отырысы өткізіліп келеді. Құрылтай қоғамдағы әртүрлі топтардың, соның ішінде жастардың күш-жігерін біріктіру қажет болған жедел өзгерістер мен жаһандық сын-қатерлер дәуірінде ерекше маңызға ие болып отыр», - деді Біржан Әлімжанов.
Саммит қорытындысы бойынша ислам әлемін қолдауға және ИЫҰ елдерінің жастарын дамытуға бағытталған қарар қабылданып, бірлескен іс-қимыл жоспарына қол қойылады.