Тоғызқұмалақтан «Абай жүлдесі» республикалық турнирі өтті
Астанада тоғызқұмалақтан «Абай жүлдесі» республикалық турнирінің финалдық кезеңі өтті. Сайыс Парламент Сенаты мен Қазақстан тоғызқұмалақ федерациясының ұйытқы болуымен және Maqsut Narikbayev University қолдауымен ұйымдастырылды. Жарыстың шешуші сынына өңірлік деңгейдегі ойындарда үздік шыққан 80 жеңімпаз қатысты. Олардың қатарында мәслихат депутаттары, БАҚ өкілдері және мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері бар.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, турнирдің басты мақсаты – көшпелілердің көнеден келе жатқан зияткерлік ойынын дәріптеу. Сондай-ақ сайыс Қазақстанда мәслихаттардың құрылғанына 30 жыл толуына орай және қыркүйек айында елордада жалауы желбірейтін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын қолдау мақсатымен өткізілгенін де айта кеткен абзал.
Іс-шараға арнайы барып, финалдық ойындарға қатысушыларға сәттілік тілеген Сенат депутаты Геннадий Шиповских Палата Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың құттықтау хатын оқып берді.
«Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың отырысында төл құндылықтарымызды дәріптеу және тарихи санамызды жаңғырту мәселесіне баса мән берді. Бұл ретте тереңнен тамыр тартатын тоғызқұмалақ ойыны маңызды рөл атқарады. Мәслихаттардың 30 жылдығы аясында Парламент Сенаты мен Тоғызқұмалақ федерациясы бірлесіп ұйымдастырған сайыс алдағы уақытта игі дәстүрге айналады деп сенемін. Шешуші кезеңнің санаулы күндерден кейін басталатын V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының қарсаңында өткізілуінің де символикалық мәні зор», – делінген жеделхатта.
Бұған дейін бір жарым ай бойы еліміздің 20 өңірінде, оның ішінде шалғай елдімекендерде де іріктеу турнирлері өткізілген еді. Облыстардағы ойыншылардың деңгейін арттыру мақсатымен шеберлік сабақтары да ұйымдастырылды.
Тартысты өткен сайыстың нәтижесінде Батыс Қазақстан облысынан келген қатысушылар (Думан Шанов, Әділхан Наурызбай, Аяжан Біржанқызы және Саяжан Біржанқызы) жеңімпаз атанды. Екінші орын Қызылорда қаласының командасына (Берік Алтынбекұлы, Жандос Досжан, Дидар Сәрсен және Райкүл Ешмұратова) бұйырды. Ал, үздік үштікті Павлодар қаласының ойыншылары (Арыстанбек Жанбек, Жәнібек Жұмабаев, Мейір Нұржан және Лариса Рублева) түйіндеді.