Жетісу облысында инвестициялық ынтымақтастықтың келешегі талқыланды
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров пен ҚР СІМ Инвестициялар комитетінің төрағасы Ғабидолла Оспанқұлов Жетісу облысына жұмыс сапарымен барып, Қазақстандағы инвестициялық және кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік қолдау шараларын түсіндіру үшін жергілікті бизнес өкілдерімен кездесті, сондай-ақ жергілікті кәсіпорындардың бірқатар өндірістік алаңдарын аралады.
Облыстың бизнес-қоғамдастығымен кездесу барысында Ә. Қуантыров жеңілдіктер мен преференциялардың кең спектрі және отандық және шетелдік инвесторларды қолдау тетіктері туралы айтып берді: «Біз үшін диалогты сақтау өте маңызды, сіздердің сұрауларыңыз бен ұсыныстарыңыз өте маңызды. Қолда бар ресурстар шеңберінде біз әрбір инвесторға көмектесуге дайынбыз және Қазақстанда жұмыс істеуге ыңғайлы болу үшін бар күш-жігерімізді саламыз. Бүгінгі таңда біз елдің бәсекелестік артықшылықтары бар басым салаларды айқындаудан басталатын инвестицияларды тартудың жаңа тәсілін енгізіп жатырмыз. Өңірлердің ерекшелігі мен бизнес-қоғамдастықтың сұраныстарын ескере отырып, басым салаларда қалыптастырылған инвестициялық ұсыныстары бар инвесторларды тарту жоспарлануда».
Ғ. Оспанқұлов өз кезегінде қатысушыларға Ұлттық цифрлық инвестициялық платформасы және «Жасыл дәліз» жұмыс механизмі, сондай-ақ инвестицияларға «тапсырыс беру» құралы туралы толық ақпарат берді.
Сондай-ақ сапар барысында Ә. Қуантыров пен Ғ. Оспанқұлов «Asma Industrial» ЧК, «Жаркент крахмал диірмені» ЖШС, «Қорғас Шығыс қақпасы» АЭА, «Nurzholy Customs Service» ЖШС және «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастық орталығы» АЭА-да болды.
2023 жылы пайдалануға берілген Asma Industrial өнеркәсіптік аккумулятор өндірісімен айналысады. Жобаның құны 3,2 млрд теңгені құрады.
Қазақстан-Қытай шекарасында орналасқан Nurzholy Customs Service халықаралық көлік-логистикалық орталығы 2023 жылы мемлекет меншігіне өтті. Ауданның кеңеюі және кеден және шекара қызметтерінің бірлескен күш-жігері орталықтың өткізу қабілетін тәулігіне 200-ден 1500 жүк көлігіне дейін арттыруға мүмкіндік берді.
«Қорғас» ХШЫО аумағында 22 инвестор компаниясы жалпы сомасы 235 млрд теңгеге 30 инвестициялық жобаны іске асыруда. Оның ішінде 5 жоба пайдалануға берілді, ал 12 жоба құрылыс сатысында. 2023 жылғы сәуірде «Қорғас» ХШЫО ашылғаннан бері орталыққа 1,5 млн-нан астам адам келді.