Алматыда қазақ күресінен Қазақстан чемпионаты өтті
Ұлттық спорт түрінен ел біріншілігіне барлық өңірден жүзден аса спортшы қатысты.
Балуандар бәсекесі Орталық спорт клубының көпфункционалды залында өтті. Қазылар алқасын қазақ күресінен мемлекеттік жаттықтырушы Жеңіс Биткөзов басқарды.
Кіл мықтылар жарысы 60-тан 100 келіге дейін және жас санаттары – 35-39, 40-44, 45-49, 50-54, 55-59 жастағы және 60 жастан асқандар арасында ұйымдастырылды.
– Бірер күн бұрын әскери қызметшілер арасында ТМД чемпионаты аяқталды, онда әскеріміз жеңіске жетті. Алдағы уақытта 2025 жылы Астанада Халықаралық әскери спорт кеңесі (CISM) шеңберіндегі Дүниежүзілік көшпенділер ойындары мен әлем чемпионаты өтеді. Осы шаралардың барлығы біздің ежелгі ұлттық спорт түрін танымал етуге ықпал ететіні сөзсіз, – деп атап өтті Қорғаныс министрлігінің Аппарат басшысы полковник Ербол Құмарбекұлы.
Турнир қорытындысы бойынша Алматы қаласының командасы жеңіске жетсе, екінші орын Жетісу облысының балуандарына бұйырды, тұғырдың үшінші сатысынан Павлодар облысының құрамасы көрінді.