Қазақстан неліктен атом энергетикасына көшуі тиіс – маман пікірі
Фото: Александр Павский/ Kazinform
Астанада түрлі елдердің жетекші сарапшылары мен ғалымдарын жинаған «Қазатомэкспо» атом энергетикасының халықаралық көрмесі сәтті аяқталды. Іс-шара атом энергетикасын дамытудың негізгі мәселелеріне және оның тұрақты энергетикалық болашақты қамтамасыз етудегі рөліне назар аударды.
Қазақстанның электро энергетикалық қауымдастығының төрағасы Талғат Темірханов ядролық энергетикаға көшу көмір өнеркәсібіне жұмсалатын шығындардың артуына ғана емес, сонымен қатар көміртегі шығарындыларын азайту жөніндегі халықаралық міндеттемелерді орындау қажеттілігіне де байланысты екенін атап өтті.
«Энергетика секторының дамып келе жатқанына 7-10 жыл болып қалды, осындай жағдайда бізге нақты шешім қабылдау керек. Болашақта бізге не маңызды? Көмір өндірісін қолдауға қаражат құятын болсақ, біз экологиялық міндеттемелерімізді орындай алмаймыз. Немесе қазір біз даму векторымызды экологиялық тұрғыдан ыңғайлы бағытқа бұруымыз керек. Бұл – шығарындылары жоқ атом, қалдықтары өте аз мөлшерде қалыптасады, сондай-ақ 2 мыңдай жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Қазақстандықтар жоғары технологиялық нысанда жұмыс істейтін болады, олардың біліктілігі өседі», - деп атап өтті спикер.
Атом электр станциялары өндіретін электр энергиясының құны туралы мәселеге жауап ретінде Талғат Темірханов болашақ тарифтер бүгінгіден көп болмайтынын айтты.
«Қазір біздің көптеген отандастарымыз атом электр станциясы арқылы өндірілетін электр энергиясы қымбат болады деп қателеседі. Біздің бағалауымыз бойынша, бұл біз көршілерімізден алатын ең жоғары жүктемелердегі энергия үшін төлейтін бағадан қымбат болмайды. Біз ең жоғары жүктемеге шамамен 30-40 теңге көлемінде көршілерімізден электр энергиясын сатып аламыз. Неліктен? Себебі бізде осы динамикалық құбылыстардың барлығын жеңілдететін бірыңғай сатып алу тетігі бар», - деп атап өтті Талғат Темірханов.
Мақала авторы: Айдар Оспаналиев
Дереккөз: KAZINFORM