Әскерилер жыл сайынғы жолдауды тыңдады
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының жеке құрамы Қазақстан Республикасы Президентінің жылдағы жолдауын тікелей эфирде тамашалады, - деп хабарлайды 018.kz Абай өңірлік гарнизонының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2024 жылдың 2 қыркүйегі күні «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдердің сарбаздары мен әскери қызметшілері Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей эфирде көрсетілген Жолдауын көрді.
Президент Жолдауында сарбаздардың қауіпсіздігін түгелдей қамтамасыз ету және олардың өз міндеттерін орындауы үшін жағдай жасау әскер басшылығының жауапкершілігінде екенін айтты. Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев Қарулы Күштерде сарбаздар өз Отанына лайықты қызмет етуі үшін заң мен тәртіпті қатаң сақтау қажеттігіне мән берді.
«Әскер қатарында заң мен тәртіптің сақталуы – айрықша маңызды міндет. Жастар әскерге Отан алдындағы борышын өтеуге барады. Жас сарбаздарымыз өз міндетін алаңсыз орындауы үшін әскер қатарында, ең алдымен, темірдей тәртіп болуға тиіс. Қарулы күштер мен басқа да күштік құрылымдар осы талапты мүлтіксіз орындауы қажет. Әр ата-ана әскерге кеткен баласын мемлекетке сеніп тапсырады. Сондықтан сарбаздардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне, ең алдымен, армия басшылығы және құқық қорғау мекемелерінің басшылары жауапты», деп нақтылады Қасым-Жомарт Тоқаев.
Тікелей эфир аяқталған соң командирлер жеке құрамға жолдаудың негізгі талаптарын талқылап, тезистерін түсіндірді. Қарулы күштердің ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі рөліне басты назар аударылды.