Мемлекет басшысының атом энергиясын бейбіт мақсатта Қазақстанның экономикасын дамытуға пайдалану туралы шешімінің ар жағында еліміздің экономикалық дамуы, қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылық пен халықтың әл-ауқатының артуы, экологиялық мәселелерді шешудің жатқанын ескерген жөн. Өйткені электр қуатын тұтынудың кейінгі жылдары еселеп артып бара жатқанын, болашақта оған деген тапшылықтың күшейе түсетінін мамандар ескертумен келеді. Сондықтан бұл тұйықтан шығудың бірден-бір жолы атом энергетикасының әлеуетін пайдалану болмақ. Себебі елдегі энергетиканың жетіспеушілігіне байланысты бұл мәселені түбегейлі шешу үшін газ жобаларын қаржыландыруды 17 есе ұлғайтып, салаға 4,3 триллион теңге инвестиция бағыттау қажет екен.
Сондықтан болар Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында «Бізде инвестицияны былай қойғанда, таза атом энергиясы жоқ болса, экономикамызды құлдыратып аламыз, аймақтағы көшбасшылығымыздан айырыламыз. Сондықтан бізге электр энергиясы, атомдық таза энергия қажет» деп, оның маңызын кəсіби тұрғыдан түсіндірудің қажеттілігіне көңіл аударды.
Атом энергиясы үздіксіз энергия өндірудің жалғыз ғана көзі ретінде мойындалған. Себебі АЭС генерацияның барлық түрінің ішінде көміртек қалдығын ең аз мөлшерде қалдыратын энергияның баламасы саналады. Сонымен қатар елдегі электр энергиясын тұтынудың артуына жəне декарбонизацияға көшуге байланысты жақын арада энергетикалық дағдарыс орын алатынын, жаңартылатын энергия көздерін, жел жəне күн стансаларын дамытумен қатар атом энергетикасын жетілдіру қажеттігін ескерген жөн. Мысалы, Чехияда алты, Бельгияда бес атом реакторы жұмыс істесе, Швейцария төрт реактордан өндірілетін атом энергиясын пайдаланады.
Атом электр стансасын салу еліміздің Солтүстік, Оңтүстік жəне Батыс аймақтарын энергиямен қамтуға мүмкіндік беруі керек. Сондықтан АЭС құрылысын жүргізуге Үлкен (Балқаш), Курчатов жəне Ақтау сияқты үш учаске қарастырылды. Аталған əр атом электр стансасының өзіндік міндеттері бар. Үлкен Оңтүстік энергетикалық аймақтағы энергия тапшылығын, Ақтау суды тұщыландыруды, Курчатов теңгерімділік мəселелерін шешеді. Себебі мамандар бұл аймақтардың географиялық орналасу жағынан да əлеуеті атом электр стансасын салуға қолайлы деп тауып отыр.
Жалпы алғанда, жыл сайын көл бетінен 18 млрд текше метр су буланып, стансаға жылына 63 млн текше метр жұмсалатыны белгілі болды. Бұл көлдің табиғи булану көлемінің 0,3 пайызы ғана екен. Демек Балқашқа қатер төнеді деп қауіптенуге себеп жоқ.
Уранның қоры бойынша Қазақстан алдыңғы қатарда. Жыл сайын елімізде 20 мың тоннадан астам уран өндіріледі. Яғни әлемдік өндірістің 40 пайызға жуығы біздің елге тиесілі. Сондықтан бұл бағытты барынша дамыту маңызды. Еліміз бойынша уран Түркістан, Қызылорда, Ақмола облыстарында өндірілсе, уран тотығының ұнтағы мен отын таблеткаларын өндіру Үлбі металлургия зауытында 1973 жылдан бері іске асырылып келеді. Сондай-ақ Үлбі зауытының базасында қытайлық «CGNPC» компаниясымен бірге отын құрамаларын өндіру жобасы табысты жұмыс істейді. Бұл атом электр стансалары үшін ядролық отын шығаруға кепілдік береді. Өйткені зауыттың қуаты төмен байытылған уранға есептегенде жылына 200 тоннаны құрайды. «Қазатомөнеркəсіп» ҰАК» АҚ инновациялық өндірісінің іске қосылуы елімізге атом стансалары үшін ядролық отын өндіруші жəне жеткізуші мемлекеттердің қатарына кіруге мүмкіндік беріп, Қазақстан Республикасының атом саласын дамыту жəне осы бағытта басқа елдермен ынтымақтастықты дамытуға жол ашпақ. Бүгінгі таңда «Қазатомөнеркəсіп» уран өнімін Қытай, Еуроодақ елдері, Үндістан, Ресей, Оңтүстік Корея, АҚШ, Канада жəне басқа елдерге сатады.
2023 жылдың ақпанында Алматы облысы Жамбыл ауданының Үлкен ауылында АЭС құрылысына қатысты алғашқы қоғамдық тыңдаулар өтті. Сол жылдың сəуірінде Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев МАГАТЭ бас директорымен атом электр стансасының құрылысын бөлек талқылады.
Алматы облысында орналасқан Үлкен ауылына салынатын АЭС-ке қатысты осы саланың ғалымдары станса Балқаш көлінің бір тамшы да суын пайдаланбайтыны мен оның ластанбайтынына кепілдік беріп отыр. Ал енді АЭС-тің Үлкен ауылында салынуының себебіне келер болсақ, онда оның бірнеше негіздемесі бар сияқты. Біріншіден, АЭС-ті кез келген жерге салуға болмайды. Екіншіден, оның жұмысын қамтамасыз ету үшін бір елді мекенде тұратын және стансада жұмыс істейтін шамамен 2000 адам керек екен. Үшіншіден, өткен ғасырдың соңында ол жерге АЭС салу жоспарланған болатын. Сол кезде ол белгілі себептерге байланысты салынбай, елге тиімді жоспар жүзеге аспай қалды. Ендеше, дайын тұрған алаңды пайдаланудың тиімділігіне күмәнмен қараудың реті жоқ.
Осылайша, барлық қауіпті ескере отырып, негізгі бірнеше басымдықты атап өтуге болады: 1) Қазақстанда атом электр стансасын салу, атом электр стансаларын салудың нормативтік-құқықтық базасын жетілдіру; 2) атом энергетикасы үшін кадрлар даярлау; 3) жоғары оқу орындарында білім бағдарламаларын кеңейту; 4) «Радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу туралы» Қазақстан Республикасы Тұжырымдамасы мен Заңының жобасы сияқты мәселелерге көңіл бөлу; 5) қоршаған ортаның қауіпсіздігін қатаң қамтамасыз ету мəселелерін айқындау; 6) еліміздің əлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсаруына қол жеткізу.
Тағы бір ескеруді талап ететін маңызды фактордың қатарына еліміз электр энергетикасының халін жатқызуға болады. Энергия өндіруші ұйымдардың 60%-дан астамы көмірді негізгі отын ретінде пайдаланып, электр стансалары 50 жылдан аса жұмыс істеп келеді. Ғалымдардың болжамына қарағанда алдағы 10 жылдан кейін елімізде электр энергиясының тапшылығы байқала бастайтын көрінеді. Кеңес дəуірінде салынған жылу электр стансалары әбден ескірген, ондағы жабдықтардың тозуынан апаттық жағдайдың орын алуы электр энергетикасына сенімділікті төмендетіп отыр. Ал үйреншікті көмір, яғни қатты отын экологияға орасан залал келтіріп, азаматтарымызды онкологиялық ауруларға шалдықтырып жатыр. Қазірдің өзінде халықаралық рейтинг бойынша Қазақстанның экологиялық көрсеткіші 180 елдің арасында 93-орында болса, ал ауаның ластануы бойынша 115-орында. Ал атом энергиясы, керісінше, бүкіл əлемде бейбіт жəне таза жасыл энергия көзі ретінде танылып отыр. Ендеше, жоғарыда айтылғандардың барлығын қорыта келе және еліміздің 2060 жылға қарай көміртекті бейтарап елге айналуға міндеттеме алғанын ескере отырып, елімізде, ең алдымен, экологиялық қауіпсіздік пен энергетикалық қауіпсіздік мəселесін шешудің қажеттілігі күмән тудырмаса керек.
Туындап отырған тығырықтан шығу үшін Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев аталған тағдыршешті мәселені референдум арқылы халықпен ақылдасу туралы өз ұстанымын білдірді. Өйткені елімізде атом электр стансасын салудың маңыздылығы мен оның объективтік қажеттілігін Президенттің энергетикалық қауіпсіздікті мемлекеттік қауіпсіздік мəселесі деп қарастыруы көрсетіп отыр. Расында да, қазір атом энергетикасын дамыту ерекше маңызды экономикалық және саяси аспектіге айналды.
Еліміздің барлық өңірінде өткізілген АЭС салу мәселесіне қатысты қоғамдық талқылаулар циклінің қорытындылары да оның мән-маңызын көрсетіп отыр. Аталған проблемаға тікелей қатысы бар негізгі мәселелер анықталды. Мәселен, Энергетика министрлігі зерттеу нәтижелері бойынша станса құрылысына ең қолайлы аумақ ретінде Алматы облысы Жамбыл ауданы Үлкен ауылының аумағы таңдалды. Қазір Үкімет оны салу үшін ядролық технологияны меңгерген қытайлық «CNNC», оңтүстіккореялық «KHNP», «Росатом» және француздық «EDF» компаниялары сияқты бірнеше әлеуетті компанияларды қарастырып жатыр. Атом стансасы құрылысының құны да белгілі болды. Ол шамамен 10-12 млрд доллар құрауы мүмкін. Қауіпсіздік талаптары да назардан тыс қалмаған. АЭС ІІІ+ буыны барлық ықтимал сыртқы əсерлерден қорғалған. Осыдан болар Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының жүргізген сауалнамасына қарағанда қазірдің өзінде респонденттердің 60%-ға жуығы референдумға қатысуға ниетті екен. Енді барлығы ел тұрғындарының қолында.
Жапсарбай ҚУАНЫШЕВ,
Мемлекет тарихы институтының бас ғылыми қызметкері