Қазақстанда био тыңайтқыштар мен өсімдіктерді қорғау құралдары өндірілетін болады
Бұндай уағдаластыққа ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов пен REKA B. V компаниясының бас директоры Эрик Эгбертс кездесу барысында келді.
Кездесу қазақстандық делегацияның Нидерландыға ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған ресми сапары аясында өтті.
Айта кетейік, REKA B.V. қазақстандық ауыл шаруашылығы нарығында 2016 жылдан бастап тұқым мен өсімдіктерді қорғау құралдарына арналған табиғи жабындарды өндіруге маманданған. 2020 жылы компания осы өнімдерге негізделген өсімдіктерді қоректендіру бойынша арнайы тұжырымдамасын жасай бастады.
Келіссөздердің негізгі тақырыбы Қазақстан аумағында био тыңайтқыштар мен өсімдіктерді қорғау құралдарын өндіруді бастау жөніндегі жоспарларды талқылау болды.
REKA компаниясы өндірісті 2025 жылдың бірінші тоқсанында бастау ниетін растап, содан кейін нарық қажеттіліктеріне сәйкес көлемнің ұлғаюын қарастыратынын жеткізді. Бұл жоба Қазақстандағы ауыл шаруашылығы өндірісінің экологиялық тұрақтылығы мен тиімділігін арттыруға ықпал етуге арналған.
Кездесу барысында REKA-ның ҚР АШМ ҰАҒББО-мен ынтымақтастығы туралы мәселе қаралды. Компания бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге, сондай-ақ қазақстандық мамандардың біліктілігін арттыру бағдарламаларын ұйымдастыруға қызығушылық білдірді, бұл озық тәжірибе мен білімді беруге ықпал ететін болады.
Сондай-ақ, REKA, Hanseplant және қазақстандық серіктестер арасында бірлескен кәсіпорын құру перспективалары талқыланды. Бірлескен кәсіпорын инновациялық агротехнологияларды енгізуге және екіжақты экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталатын болады.
ҚР АШМ және REKA B.V. компаниясы Қазақстанның аграрлық секторын жаңғыртуға және ауыл шаруашылығының тұрақты дамуын нығайтуға бағытталған әріптестікті одан әрі дамытуға дайын екендіктерін білдірді.