Қазақстан ұлттық құрамасы 47-ші халықаралық WorldSkills чемпионатына аттанды
Қазақстан ұлттық құрамасы 10-15 қыркүйек аралығында Францияның Лион қаласында өтетін 47-ші халықаралық WorldSkills чемпионатына қатысады.
WorldSkills чемпионаты жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға және жастар арасында кәсіби дағдыларды дамытуға бағытталған. Биылғы жылы Халықаралық чемпионатқа 65-тен астам ел мен аймақтан 1500 студент қатысады деп күтілуде, олар 62 құзыреттілік бойынша сайысқа түседі. Қазақстан құрамасына 32 қатысушы, 30 сарапшы, сондай-ақ ресми және техникалық делегаттар енді.
Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Наталья Жұмаділдаева қазақстандық құрамамен - 2023 жылы WorldSkills Kazakhstan республикалық кәсіби шеберлік чемпионатында жеңіске жеткен қатысушылармен кездесіп, оларға сәт сапар тіледі.
Айта кетейік, 2023 жылы Қазақстан құрамасы алғаш рет Гданьскідегі Euroskills чемпионатында 2 медаль және 4 медальон жеңіп алған болатын.