Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Астанада: Румыниядан келген жас талант
Астанада өтіп жатқан Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында жас спортшылар да дарынымен дараланып, тамсандыруда. Солардың бірі – 11 жасар Razvan Andrei Mucica өзінің интеллектуалды спорт түріне деген құштарлығы мен шеберлігін танытты.
Астана қаласында Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін маңызды шараға айналған Дүниежүзілік көшпенділер ойындары жалғасуда. Тоғызқұмалақ сайысына қатысушылардың бірі – Румыниядан келген 11 жасарRazvan Andrei Mucica .
Ол тоғызқұмалақ ойыны жайлы небәрі бір жыл бұрын, 4-сынып оқып жүргенде білген. Ежелгі ойынның стратегиялық және зияткерлік тереңдігі оған ерекше әсер қалдырған. Ақыл-ойға, тапқыр тәсілдерге негізделген спорттың бұл түрі баланы бірден баурап алғандықтан, ол ойын ережелерімен танысып, дағдыларды меңгере бастайды.
Румынияда осы зияткерлік ойынды насихаттаумен ЮНЕСКО белсенді түрде айналысып келеді. Мектеп бағдарламасына тоғызқұмалақ сабақтарын енгізу шараларын да жүзеге асырған. Андрей оқитын мектепте түрлі ойындар мен шеберлік дәрістерінің өтуі оның білім алуына ғана емес, сыныптастарын шабыттандыруға да әсер етті. Спортшының өзі айтқандай, бүгінде бірге оқитын 10 шақты оқушы оны қолдап, тоғызқұмалақ ойнауға әуестене бастаған.
Айта кетерлігі, Andrei Алматыда өткен тоғызқұмалақтан Әлем чемпионатына қатысқан. Дайындық уақыты аз болғандықтан, мұндай маңызды додада 4-орынға ілігуін де зор жетістік, жоғары көрстекіш деп санайды.
Balint Claudia-Crina мұғалімінің айтуынша, ЮНЕСКО-ның тоғызқұмалақ ойынын үйрету жобасы Румыниядағы көптеген мектепте жүзеге асқан және қазірдің өзінде 60 мыңнан аса баланы қамтиды.