Абай облысының ісмерлері рекордтар кітабына енді
Абай облысының ісмерлері Бақытжан Жүнісбекова немересі Балнұр екеуі «Кинэс» рекордтар кітабына енді. Жерлестеріміз бұл жетістікке 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары барысында қол жеткізген.
Бақытжан Задақызының негізгі мамандығы дәрігер. Ұзақ жылдар медбике болып еңбек еткен. Қолы бос кезде қолөнермен айналысқан. Зейнетке шығысымен сүйікті ісіне мықтап кірісіп, қазақи нақыштағы құрақ тігуге ден қойған. Сонымен қатар білгенін кейінгі буынға үйретіп келеді.
Ісмер әжеміз осы өнерінің арқасында Астана қаласында өтіп жатқан 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қатысуға шақырту алады. Өзі сияқты Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 450-ден астам шебермен бірлесе құрақ көрпе тікті. Бұл істе әжесіне Көкпектідегі Жақия Шайжүнісов атындағы орта мектептің 9 сынып оқушысы Балнұр Сарманова көмектесті.
Кілем тәріздес жайылған 450 құрақ көрпенің жалпы көлемі 11 200 кв.м. құрады. Осы еңбектері арқылы әжесі мен немересі қазақстандық «Кинэс» рекордтар кітабына тіркелетін әлемдік рекорд орнатты.