Депутаттар әскери қызметтегі қауіпсіздік мәселелерін шешуге заңнамалық қолдау көрсетуге дайын
Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінде Айгүл Құспанның төрағалығымен әскери қызмет қауіпсіздігі мәселесі талқыланды. Отырысқа депутаттармен қатар Қарулы Күштердің, әскери құралымдардың, сондай-ақ Бас әскери прокуратураның өкілдері қатысты.
Отырысты ашқан Айгүл Құспан Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауын жүзеге асыру үшін әскери қызмет қауіпсіздігін арттыру бойынша түбегейлі шаралар қабылдау керектігін атап өтті.
– Кездесуіміздің тақырыбы Жолдаудың мәнімен сәйкес келеді. Біз Мемлекет басшысының әскери қызметкерлердің өмірі мен денсаулығын сақтау жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру бойынша практикалық шараларды бірлесіп әзірлеуіміз керек, – деді А.Құспан.
Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев Қарулы Күштердің жеке құрамы мемлекетіміздің қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету бойынша тапсырмаларды орындап жатқанын айтты. Бұл ретте министрліктің маңызды басымдықтарының бірі – әскери қызмет қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
– Жауынгерлік әзірліктің қарқындылығы арту нәтижесінде тәуекелдер де артады. Осыған қарамастан, Қарулы Күштердегі жеке құрамның өлімі өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 30 пайызға пайызға төмендеген. Соңғы үш жылда әскери қызметшілер өлімінің 19 пайызға, оның ішінде қауіпсіздік шараларын бұзу салдарынан 43 пайызға, жол-көлік оқиғалары салдарынан 27 пайызға және ауруға шалдығу салдарынан 24 пайызға қысқарғаны байқалады, – деді Ш.Жазықбаев.
Қорғаныс министрі орынбасарының айтуынша, өткен жылмен салыстырғанда өз-өзіне қол жұмсау фактілері 33 пайызға (12-ден 8 жағдайға), мерзімді әскери қызметшілер арасында 66 пайызға (3-тен 1 жағдайға) азайған. Өз-өзіне қол жұмсау фактілерінің басым бөлігі (70%) әскери қызметке қатысты емес. Сонымен қатар басқа санаттағы әскери қызметкерлерге қарағанда сарбаздардың өз-өзіне қол жұмсауы айтарлықтай сирек кездеседі.
– Біз әскери ортадағы өлім-жітімді азайту үшін қолымыздан келген барлық шараны жасап жатырмыз. Барлық факті бойынша жан-жақты тексерулер жүргізіліп, қатаң тәртіптік жазалар қолданылды. Кадрлар төңірегінде шешімдер қабылданды, – деді Қорғаныс министрінің орынбасары.
Отырыста бұдан басқа да маңызды тақырыптар талқыланды. Олар: іске асырылып жатқан және қолданыстағы «Өмірді сақта» бағдарламалары, Құқық бұзушылықтардың нақты профилактикасы әдістемесі, Әлеуметтік қауіптер картасы, сондай-ақ Әскери қызметшілер қазасының, өзіне-өзі қол жұмсаудың және лудоманияның профилактикасы жөніндегі арнайы комиссияның тапсырмаларын іске асыру мәселелері.
Әскери ведомстволар, сондай-ақ басқа да мемлекеттік органдармен, Сарбаздардың аналар комитетімен, жастар және ардагерлер ұйымдарымен, оқу орындарымен өзара іс-қимыл жасай отырып, әскери қызметтің имиджі мен тартымдылығын арттыру, патриоттық тәрбие беру және армияны цифрландыру бойынша кешенді шаралар қабылданып жатқандығы туралы ақпарат берілді.
Депутаттар жарғыдан тыс өзара қарым-қатынас, әскери ортада құқық тәртібін сақтау үнемі олардың назарында екенін атап өтті. Осыған байланысты депутаттар әскери-патриоттық тәрбие мәселелері бойынша заңнамалық түзетулерге бастамашы болды. Олардың қатысуымен талқыланатын мәселелер бойынша әртүрлі деңгейде кеңестер өткізіледі.
Отырысты қорытындылаған комитет төрайымы Айгүл Құспан депутаттар әскери қызмет қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оның мәртебесі мен беделін арттыру, әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығын сақтау, сондай-ақ әскери қызметтің қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі түйткілді мәселелерді шешуде заңнамалық деңгейде барлық қажетті қолдауды көрсетуге дайын екенін атап өтті.