Cемей-11°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
498.34 519.72 4.85

Семей қаласының Бас жоспарын Абай облысы мәслихатының депутаттары талқылады

12-09-2024, 09:00 Думан Кенжеғазыұлы

Абай облысы мәслихатының кезектен тыс он сегізінші сессиясы өтті. Оған облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев, мәслихат төрағасы Қуаныш Сүлейменов, басқарма басшылары, депутаттар, қоғам белсенділері мен БАҚ өкілдері қатысты.

Жиынның негізгі тақырыбы Семей қаласын 2040 жылға дейін дамытудың Бас жоспарына қатысты болды. Жоспардың негізгі бағыттары – әлеуметтік, рекреациялық және өндірістік аймақтарды дамыту. Маңызды міндет – қаланы құрылысындағы сабақтастықты сақтау және жаяу жүргіншілер мен демалыс аймақтарын дамытуға көңіл бөлу. Бас жоспарда сондай-ақ қолданыстағы инфрақұрылымды жаңғырту және жаңа аумақтарды қамту қарастырылған.

Бас жоспары жайлы Абай облысы сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Анзор Абаев жан-жақты баяндады.

«Жоба тұрғындардың өмір сүруін жақсартуға бағытталған. Жоба тұрғын үй қорын, мәдениет, қоғамдық және тұрмыстық қызмет көрсету нысандарын, жасыл желектерді, абаттандырылған көшелер мен инженерлік желілерді толығымен сақтайды. Сонымен қатар қаланы кезең-кезеңімен аумақтық дамыту – бос жерлерді барынша пайдалану, бұрыннан бар ғимараттарды қайта жаңғырту қарастырылған», — деді басқарма басшысы.

Семей бірнеше бағытта дамитын болады – солтүстік-шығыс, солтүстік-батыс, оңтүстік және батыс. 2040 жылға қарай әрқайсысы 1200 орындықтан болатын жалпы сыйымдылығы 26 мың оқушыны құрайтын бір ауысымды 22 жаңа мектеп, 240 орындықтан болатын 58 жаңа балабақша, 12 емхана салу қажет. Абай облысын дамытудың 2024-2027 жылдарға арналған кешенді жоспарында облыстық көпбейінді аурухана, университет ауруханасы, көпбейінді балалар ауруханасы, облыстық қан орталығы, оң және сол жағалауларға емхана салу, перинаталдық орталықты жаңғырту көзделген. Бұл нысандардың барлығы 2027 жылдың соңына дейін аяқталуы керек.

Көлік инфрақұрылымына ерекше көңіл бөлінбек. Жоспарда қаланың орталық бөлігіндегі көлік кептелісін азайту үшін Ертіс өзені арқылы өтетін 6 жолақты көпір мен 50 шақырымдық айналма жолдың құрылысы бар. Сондай-ақ қалалық жедел транзиттің (BRT) төрт желісін енгізу жоспарлануда.

Қаланы сумен қамтамасыз ету үшін жаңа тұрғын үй құрылысы аудандарында бұрыннан бар су құбыры желілерін жаңартып, жаңадан салу жоспарлануда. Бас жоспарда қаланы жылумен қамтамасыз ету үшін № 3 ЖЭО салу да қарастырылған. Кейін оны көгілдір отынға ауыстыру қарастырылуда. Ол іске қосылғанға дейін қолданыстағы жылу желілері жаңартылады.

Жобада инженерлік-гидрогеологиялық жағдайларды жақсарту мақсатында жер асты суларының деңгейін төмендету шаралары қарастырылған. Жобада су басудан қорғау және алдын алу шаралары қамтылған.

Жаңа жобаға екі ірі саябақ – Ертіс өзенінің жағалауы және Комсомол кенті аумағында салу және экологиялық жағдайды жақсарту жөніндегі өзге де іс-шаралар кіреді. Қаланың өнеркәсіптік аумақтарын, өзенді тазарту бойынша іс-шаралар өткізілетін болады.

«Бүгінгі сессия барысында өзекті мәселелер қаралды. 2040 жылға дейінгі Семейдің бас жоспары қаламыздың алдағы даму бағытын айқындап бермек. Облыс орталығының көркеюіне әрбір тұрғын атсалыса алады. Көтеріп отырған мәселе, қойған сауалдарыңыз орынды. Алдағы уақытта атқарылатын жұмыстардың барлығы осы құжаттың аясында болады. Бас жоспарды қабылдауда бірауыздан қолдау білдіргендеріңізге алғысымды білдіремін, - деді облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев.

Сессия барысында Абай облысы бойынша тұрғын үй сертификаттарын алушылардың көлемі мен тізбесін анықтау мәселесі де қаралды. Ағымдағы жылы облысымызда жергілікті бюджет есебінен 76 тұрғын үй сертификатын беру жоспарлануда. Жыл басынан бері 41 тұрғын үйге сертификат берілді.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив