Абай облысында жыл басынан бері 200-ге жуық жол көлік оқиғасы тіркелген
Кәмелетке толмағандардың қатысуымен болатын жол-көлік апаттары жыл санап өсуде. Жыл басынан бері облыста 197 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Соның салдарынан 2 бала қаза тауып, 251 жасөспірім түрлі жарақат алған. Балалардың қатысуымен болған жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында өңір аумағында 26-шы тамыздан 6-шы қыркүйек аралығында «Абайлаңыз - балалар!» республикалық акциясы өтті.
Бұл жайлы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Абай облысы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығының орынбасары полиция подполковнигі Бауыржан Садақбаев акция аясында өткізілген іс-шаралар туралы баяндады.
Акция аясында полиция қызметкерлері Абай облысы білім басқармасының балансындағы балаларды тасымалдайтын 122 мектеп автобусын тексерді. Барлық автобустар ережеге сай жабдықталған.
Сондай-ақ, спикерлердің мәлімдеуінше, жаңа оқу жылы қарсаңында білім беру ұйымдарына жақын орналасқан тасжолдардағы жол белгілері тексеріліп, жергілікті атқарушы органдарға берілген нұсқама негізінде жаңартылған.