«Дүниежүзілік көшпенділер ойындары - 2024» чемпиондары марапатталды
Абай облысының әкімдігі Астанада өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін салтанатты түрде марапаттады. Халықаралық жарысқа 89 елден екі мыңнан астам спортшы қатысты. Ойындардың нәтижесінде Қазақстан 114 медаль жеңіп алып, командалық есепте бірінші орынға шықты. Оның 44-і алтын, 33-і күміс, 37-сі қола жүлде. Өңіріміздің өкілдері де тамаша нәтиже көрсетті.
Бүгін спортшыларды әуежайда құрметпен қарсы алды. Олардың оралу құрметіне халық әндері шырқалып, қонақтарға қымыз бен бауырсақ ұсынылды. Одан кейін облыс әкімдігі ғимаратында салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Құрметке ие болғандардың қатарында Дидар Тұқышев, Зарина Сарипова, Роза Нысантайқызы, Әйгерім Жұманқызы және Ерзат Арғынов бар.
Жеңімпаздарды облыс әкімі Нұрлан Ұранхаевтың атынан оның орынбасары Жасұлан Сәрсебаев құттықтап, өңірде спортты дамытуға барлық жағдай жасалып жатқанын атап өтті. Қазір ұлттық және ат спорты түрлерінен арнайы үйірмелер жұмыс істейді, онда 3 мыңнан астам спортшы жаттығады. Оның жартысы республикалық құраманың намысын қорғайды. Сондай-ақ ол алдағы уақытта да сәттілік тілеп, спортшыларға сертификаттар табыс етті: бірінші орынға – 1 млн теңге, екінші орынға – 700 мың теңге, үшінші орынға – 500 мың теңге.
Сонымен қатар, спортшыларды дайындауға сүбелі үлес қосқан жаттықтырушылар мен тәлімгерлер алғыс хаттармен марапатталды.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы сапында 21 спорт түрінен барлығы 216 спортшы бақ сынады.