Cемей-10°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
498.34 519.72 4.85

Депутаттар республикалық бюджет пен Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт туралы заң жобаларымен жұмысты бастады

Фото Т. Таныбаев

16-09-2024, 10:27 Думан Кенжеғазыұлы

Мәжілісте Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Татьяна Савельеваның жетекшілігімен 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет және Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт туралы заң жобаларының таныстырылымы өтті. Оған палата вице-спикері Дания Еспаева, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.

Дания Еспаева өз сөзінде Мемлекет басшысы Жолдауында шығындарды шектеу және бақылау, сондай-ақ бюджетаралық қатынастарды ретке келтіру бойынша нақты шаралар қабылдау қажеттігін атап өткенін айтты.

– Бүгінгі күні өңірлерде өз міндеттерін шешу үшін қажетті ресурстар бар. Үкіметтің ақпараты бойынша, биыл жергілікті бюджеттердің кірістер жоспарын асыра орындау 800 млрд. теңгеден астам деп жоспарланып отыр. Ендігі міндет - қолда бар ресурстарды тиімді пайдалану. Депутаттар бюджет туралы заң жобаларын қарауға кірісті. Біздің мақсатымыз – бюджетте Мемлекет басшысының Жолдауындағы тапсырмалары мен азаматтардың әл-ауқатын арттырып, елдің дамуын қамтамасыз ететін құжаттардың жоспарлы көрініс табуы, – деді Мәжіліс төрағасының орынбасары.

«2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы жөнінде Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы баяндама жасады. Оның айтуынша, 2025 жылға арналған кірістер 21,7 трлн теңге көлемінде болжанып отыр, оның 15,6 трлн теңгесі - трансферттерді есепке алмағандағы кірістер. Шығыстар 25,8 трлн теңгеге дейін артады. Бұл ретте бюджет алдыңғы жылдардағыдай әлеуметтік бағытта қалады.

 – 2025 жылы әлеуметтік саланың шығыстары ағымдағы жылға қарағанда 794 млрд теңгеге ұлғайып, 9,8 трлн теңгені құрады. Келесі жылы бюджет шығыстарындағы үлесі 38 пайызды құрайтын болады. Бұл саланың негізі бағыттары – ел азаматтарын әлеуметтік қамтамасыз ету және әлеуметтік көмек көрсету, білім беруді дамыту, денсаулық сақтау жүйесін дамыту, – деді вице-министр.

Абзал Бейсенбекұлы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес агроөнеркәсіп кешенін дамыту қарқын алғанын атап өтті. Осы бағытқа үш жыл ішінде 1,3 трлн теңге бөлінген. Соның ішінде көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жеңілдетілген несиелеудің жыл сайынғы көлемі 140 млрд теңге, Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі негізінде 122 ірі инвестициялық жобаға несие беруге 200 млрд теңге қарастырылған.

 «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2026-2027 жылдарға арналған кепілдік берілген трансферт туралы» заң жобасының нормалары туралы Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин баяндама жасады.

– 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджетке кепілдендірілген трансферттің мөлшері жыл сайын 2 трлн теңге көлемінде айқындалды. Жалпы айтылған ережелерді ескере отырып, Ұлттық қордың таза валюталық активтері 2025 жылы 62,2 миллиард АҚШ доллары және 2027 жылға қарай 78,7 миллиард АҚШ доллары деңгейінде болжанады, – деді Ұлттық экономика вице-министр.

Өз кезегінде Жоғарғы аудиторлық палата мүшесі Ардақ Теңгебаев 2025-2027 жылдарға арналған бюджет шығыстарын жоспарлаудағы бірқатар кемшілікті атап өтті. Атап айтқанда, «Жайлы мектеп» жобасы бойынша 2025 жылы аяқталуы тиіс 152 мектептің жобасында проблемалар бар, бірақ олардың құрылысы әлі басталмаған. Сондай-ақ тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың қалдықтары есепке алынбағандықтан, бірқатар бап бойынша жоспарлау 2 млрд теңгеге асыра бағаланған. 4,6 трлн теңгені қамтитын осы және басқа да бағыттар бойынша жүргізілген талдау нәтижелері бойынша Жоғары аудиторлық палата 117 млрд теңгені қайта бөлуді, 12,2 млрд теңгені қосымша беруді және тағы 3 млрд теңгені оңтайландыруды ұсынады.

Баяндамаларды тыңдаған соң заң жобаларын талқылау өтті. Мәжілісмен Мұқаш Ескендіров Ұлттық экономика вице-министріне республикалық бюджеттің өсу болжамдарына қатысты сұрақ қойды. Ол баяндамада экономикалық өсім аталғанын, ал бюджет кірістері ұлғаймай отырғанын және бұл жағдайдың парадокс екенін айтты.

– Сіз макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша оптимистік болжам айтып отырсыз. Менің түсінуімше, 2029 жылы ЖІӨ 500 млрд долларға жуық болады. Дегенмен алдағы үш жылда табыстың өсімі байқалмайды. Бұл ретте жыл сайын кіріс бөлігі орындалмай отыр. Сонда біз қате жоспарлап жатырмыз ба? Бұл болжамдар қаншалықты рас? – деп сұрады депутат.

 – Өнеркәсіптің ішкі қосымша құны бойынша болжамдар орындалды. Өздеріңіз білетіндей, кірістің негізгі бөлігі тау-кен және мұнай секторларынан түседі. Бүгін хабарланғандай, жергілікті бюджеттің кіріс жоспары артығымен орындалып жатыр. Өйткені оларға тұрақты салықтар бердік, ал әлемдік нарық конъюнктурасына тәуелділері республикалық бюджетте қалды. Сондықтан құбылмалы болу салдарынан бюджеттің орындалмауы байқалып отыр. Мұнай емес сектордың үлесі артып келеді, бірақ ол түсімдерге әсер ететіндей үлкен емес, – деді А.Әмрин.

 Қорытындылай келе комитет төрайымы Татьяна Савельева алдағы уақытта ұсынылған заң жобалары бойынша талқылау жұмыс топтарында жалғасатынын атап өтті. Жұмыс топтарына Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Еркін Әбіл жетекшілік етеді. Талқылау барысында депутаттар тарапынан айтылған ұсыныстар мен пікірлер ескерілетін болады.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив