Cемей-10°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
498.34 519.72 4.85

Астанада бағдарламалаудан әлем чемпионатының финалдық кезеңі басталды

Суретті түсірген: А. Байжұманов

17-09-2024, 12:17 Думан Кенжеғазыұлы

Палата Спикері беделді сайыстың финалдық кезеңіне қатысушыларға ілтипат білдіріп, цифрландыру және IT-саласы Қазақстанда ұлттық деңгейдегі басымдыққа ие екенін айтты. Қазіргі таңда елімізде IT-мамандар даярлауға және бағдарламалау мамандығын оқытатын университеттерді дамытуға айтарлықтай инвестиция салынып, мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп отырғаны да сөз болды.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев цифрландыру, ІТ, жасанды интеллектті дамыту және инновацияларды енгізу мәселелеріне үнемі баса мән беріп келеді. Қазақстанда стартаптарға қолдау көрсету және озық технологияларды енгізу бағыты да жүйелі жолға қойылған. Елімізде IT-хабтар мен технологиялық орталықтар құрылып жатыр. Осы сайысқа Қазақстандағы жетекші техникалық жоғары оқу орындарының бес командасы ел намысын қорғайды», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ Сенат Спикері бағдарламалау адамзаттың әмбебап тілі екенін, ол түрлі саланың дамуында маңызды рөл атқаратынын айтты.

«Спорттық бағдарламалау жай бәсеке ғана емес. Бұл – сыни ойлауды дамытуға, кәсіби дағдыларды жетілдіруге, күрделі міндеттерді орындауды үйренуге және командамен тиімді жұмыс істеуге жол ашатын бірегей мүмкіндік. Мұндай қабілеттер кез-келген салада табысқа жетудің негізі екені анық. ICPC қоры әлем бойынша жастарға жаңа мүмкіндіктер беру және цифрлық теңсіздікті еңсеру жолында маңызды миссия атқарып келеді. Сол үшін ризашылығымызды білдіреміз. Алдағы уақытта да IСPC қорымен ынтымақтастығымыз нығайып, бірлесіп нәтижелі жұмыс істейміз деп сенемін», – деп, Мәулен Әшімбаев жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Сонымен қатар Палата Төрағасы ICPC қорының атқарушы директоры Уильям Паучермен Қазақстанда спорттық бағдарламалауды одан әрі дамыту перспективаларын талқылады. Атап айтқанда, қатысушыларды даярлау, жаттықтырушылардың біліктілігін арттыру, жоғары оқу орындарын қажетті инфрақұрылым және материалдық-техникалық тұрғыдан жабдықтау, сондай-ақ, басқа да өзекті мәселелер сөз болды. Уильям Паучер өз тарапынан Мәулен Әшімбаевқа Қазақстанның бағдарламалауды қолдағаны және елде кеңінен дәріптегені үшін ризашылығын білдірді.

Айта кетейік, International Collegiate Programming Contest (ICPC) – әлемдегі 110 елдің үздік жоғары оқу орындарының басын қосатын спорттық бағдарламалау бойынша ең көне, ең ірі және ең беделді жарыс. Астанада 15-20 қыркүйек аралығында өтетін 48-ші чемпионаттың финалына әлемнің әр түкпірінен 600 бағдарламалаушы қатысып жатыр.

Финалдық кезеңде Қазақстан атынан Nazarbayev University, Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті, Astana ІТ University және Қазақстан-Британ техникалық университеті өнер көрсетеді. Бұған дейін Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің командалары ICPC World Finals әлемдік финалына 5 рет шығып, Солтүстік Еуразия аймағы бойынша үздік 12 жоғары оқу орнының қатарынан көрінген болатын. Былтыр ICPC әлем чемпионатында отандасымыз Батыр Сардарбеков Қазақстан тарихындағы алғашқы «алтынды» жеңіп алды.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив