Сенаторлар асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту мәселесін талқылады
Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің депутаттары «Қазақстан Республикасының асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы заңнамасын жетілдіру» тақырыбына арналған дөңгелек үстел отырысын өткізді. Кездесуге қатысушылар «Республикалық «Асыл түлік» мал шаруашылығын асылдандыру орталығының базасында асыл тұқымды мал шаруашылығының қаржы және материалдық ресурстары, ғылыми-зерттеу базасының жай-күйі, асыл тұқымды өнім экспорты мен саланы дамытуға кедергі келтіретін кадр тапшылығы және цифрландыру мәселелерін талқылады.
Комитет төрағасы Әли Бектаев отырысты аша келіп, ел өміріндегі мал шаруашылығының маңызына тоқталды. Бұрынғы заманда ата-бабамыздың мемлекет қолдауынсыз да мал басын көбейткені және олардың өнімділігін жақсартуға зор мән бергені туралы айтылды. Мал шаруашылығы, оның ішінде мыңғырған мал өсіру аграрлық сектордың негізгі саласы болып табылады және мемлекет оған баса назар аударып отыр әрі уақыт өткен сайын жетілдіріп келеді.
«Асыл тұқымды мал шаруашылығын заңнамалық реттеу «Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы» 1998 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасының заңын қабылдаудан басталды. Бұдан әрі асыл тұқымды мал шаруашылығын одан әрі дамыту және аграрлық сектордағы шынайы ақпаратты есепке алу мақсатында аталған заңнамалық актіге бірқатар өзгерістер енгізілді. Сенат мақұлдаған соңғы түзетулер асыл тұқымды мал басын көбейтуге, оның қасиеттерін сақтай отырып, тұқымды асылдандыру жұмыстарын жетілдіруге бағытталған. Біз мал шаруашылығы саласын күшейту үшін асыл тұқым қорын ұлғайту және оның сапасын жақсартуға орай мақсатты түрдегі жұмысты жалғастыра береміз», - деді Әли Бектаев.
Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Аманғали Бердалин өз кезегінде 2012 жылдан бастап асыл тұқымды мал шаруашылығын реформалау, жануарларды бағалау мен генетикалық сараптаудың жаңа ережелерін енгізу жұмыстары туралы айтып берді. Асыл тұқымды жануарларды есепке алу функцияларын республикалық палаталарға беру, селекциялық жұмысты жақсарту және асыл тұқымды құндылықты бағалаудың жаңа әдістерін енгізу негізгі өзгерістерге кіреді. 2022 жылы заңнамаға Еуразиялық экономикалық одақтың нормаларымен біріздендіруге бағытталған өзгерістер енгізілді.
Дөңгелек үстел отырысында сонымен қатар Ғылым және жоғары білім министрлігінің, «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КЕАҚ, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ, «Асыл түлік» мал шаруашылығын асылдандыру орталығының, сондай-ақ асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы республикалық палаталардың өкілдері қатысты.