Абай облысында жас мемлекеттік қызметшілер мектебі жобасы іске асырылуда
Қазақстан Республикасында мемлекеттік басқаруды дамытуға бағытталған 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы аясында «Жас мемлекеттік қызметшілер мектебі» жобасы жүзеге асырылуда. Бұл жоба мемлекеттік секторға талантты жастарды тарту мақсатында әзірленген және белсенді жастардың мемлекеттік қызметке қызығушылығын арттыру.
Жоба 2023 жылдан бастап Абай облысында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің аумақтық бөлімшесімен жүзеге асырылуда.
2023 жылдың қазан айында Абай облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен Шәкәрім университеті арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған болатын. Меморандум шеңберінде жастарға мемлекеттік қызметтің мәні, қызметкерлерге қойылатын талаптар және қажетті заңнаманы меңгеру жайында түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Жастарды іріктеу барысында 37 жоғары оқу және колледж студенттерден өтінім берді. Қатысушылар белгіленген тақырыптар бойынша эссе жазып, оның 17 -і жас мемлекеттік қызметшілер мектебіне қабылданды. Өткен жылдың желтоқсан айында олар Абай облысы бойынша Мемлекеттік басқару академиясының филиалында «Жас мемлекеттік қызметшілер мектебінің» 40 сағаттық курсын өтіп, өз жобаларын қорғады.
Қатысушылар курс барысында мемлекеттік қызметтің негізгі қағидаттары, тиімді коммуникациялар, көшбасшылық және стратегиялық менеджмент секілді тақырыптар бойынша білімдерін тереңдетті. Академияда дайындық бағдарламасын сәтті аяқтағаннан кейін қатысушылар мемлекеттік органдарда өндірістік практикадан өтті. Жоба аясында жастар мемлекеттік қызметтің құрылымымен, міндеттерімен және функцияларымен танысып, мотивациялық эссе жазып, өз құзыреттерін арттыру үшін сынақтан өтті.
Нормативтік құқықтық актілер бойынша тестілеуден және жеке қасиеттерін бағалаудан сәтті өткен қатысушылар сертификат алып, таланттар пулына қабылданды. Бүгінгі таңда таланттар пулына қабылданған жастар жергілікті атқарушы органдар мен орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінде қызмет етуде.