Көз – қорқақ, қол – батыр
Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауларындағы басты мақсат – халықтың табысын арттырып, әділетті азаматтық қоғам құру. Биылғы Жолдаудағы 9 бағыттың бәрі аса маңызды. Нақтылықпен айтылған әрбір сөздің орны бөлек, міндеті айқын.
Энергия үнемділігі күн тәртібінен түспейтін, оны өзімізде өндіру қажеттігі туындағаны қашан! Әне-міне деп уақыт та зымырап өтуде, халық үшін жаңа жұмыс орындарын ашып, жұмыссыздықпен күресудің жолы – елімізде энергия тапшылығын жою.
Электр энергиясы, өндіріс, жұмыспен қамту, табысты арттыру – осы төрттаған бізді тығырықтан алып шығады. Әлемде ядролық энергетика жетекші өндірістік салаға айналғаны белгілі.
БҰҰ қанаты астында Атом энергетикасы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) ядролық электр энергиясы нарығын зерттеп, әлемнің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге жұмыс істеп жатыр.
Осы ұйымның деректеріне сәйкес, қазір жер жүзіндегі 30-дан астам мемлекетте 200-ге жуық атом электр стансасы жұмыс істейді. Осы стансалардың ядролық реакторларымен барлығы 440 энергоблок жұмыс істеп тұр және олардың жалпы қуаты 391 878 МВт-ты құрайды. Аталған реакторлар әлемдегі электр қуатына деген қажеттіліктің 10 пайызын ғана жабады екен. Оған қоса, әлемде тағы 56 ядролық реактордың құрылысы басталған.
Әлем елдері бойынша ең көп энергоблок АҚШ-қа тиесілі. Америкалықтар барлығы 95 энергоблоктың құрылысын жүргізіп, іске қосқан. Екінші орынға Франция табан тірейді. Мұнда 56 энергоблок қызмет атқарып, әлем бойынша атом электр стансалары өндірген энергоқуаттың ең көп үлесін пайдаланушы мемлекетке айналып отыр. Бүгінде Францияның ішкі энергобалансындағы барлық энергоқуаттың 70,6 пайызын АЭС өндірген электр энергиясы құрайды. Қолданысында 54 ядролық реакторы бар Жапония көп жыл бойы әлемдегі атом қуаты бар үздік үш мемлекеттің қатарын түйіндеп, өзінің ішкі электр энергиясына деген қажеттіліктің 30 пайызын АЭС-терде өндірілген энергиямен жабатын. Қазір атом электр стансаларының саны бойынша әлем үздіктерінің қатарына Қытай кірді. Мұнда 49 энергоблок жұмыс істеп, бұл бағыттағы ішкі резервін нығайтып келеді.
Посткеңестік елдердің ішінен Ресей пайдалануындағы 38 энергоблокпен 8-орында болса, Украина – 4 АЭС және 15 энергоблокпен 10-орынға жайғасқан.
Қазір бүкіл әлемде электр қуатына деген сұраныс артқан. Техника мен технологияның қарыштап дамуы, жаңа генерациялардың іске қосылуын талап етеді. Мәселен, АҚШ, Оңтүстік Корея мемлекеттері өздерінің энерготұрақтылығын сақтауда әрқайсысы тағы да 5 энергоблокты салуға бет алса, Жапония – 2, Франция 1 энергоблоктың құрылысын бастаған.
Қытай бірден 28 энергоблоктың негізін қалауды бастаса, қатаң экономикалық санкцияларға душар болған Ресейдің өзі қосымша 10 энергоблокты іске қосуға күш салып жатыр. Халқының саны еселеп артып бара жатқан Үндістан 6 энергоблоктың құрылысын жүргізуді қолға алды.
Осы мемлекеттердің қатарында Біріккен Араб Әмірліктері, Пәкістан, Словакия, Тайвань да электр қуатына деген тапшылықты еңсеруде әрқайсысы екі энергоблоктан салуды қарқынды түрде іске асыруда. Соғыс оты шарпыған Украинаның өзінде 2 энергоблоктың құрылысы жүргізілуде. Финляндия, Бразилия, Беларусь, Аргентина мемлекеттері де АЭС салуға сенімді түрде қадам басты.
Египетте мемлекет тарихындағы алғашқы АЭС құрылысы жалпыұлттық жоба ретінде халқын біріктірді. Түркиядағы 4 энергоблоктан тұратын алғашқы «Аккую» атом электр стансасы осы мемлекеттің стратегиялық мәні бар жобасы ретінде айқындалып, ұлттың үміті болып бекіген. Биыл маусым айында бізбен ежелден еншілес мемлекет Өзбекстан да атом электр стансасын салу жөніндегі ұстанымын жариялап, бұл бағытта кешенді жұмыс бастайтынын мәлімдеді.
Жерінің көлемі жөнінен дүниежүзінде 9-орын алатын Қазақстан үшін энергетикалық тәуелсіздікті қамтамасыз ету – ең әуелгі міндет. Еуразия құрлығының орталық бөлігінде орналасқан еліміздің біртұтас энергожүйесін түзу – стратегиялық басымдыққа ие мәселе.
Энергетика саласы мамандары жүргізген талдауларға сәйкес, 2030 жылға қарай Қазақстанның электр қуатына деген қажеттілігі 28,2 гигаватты құрамақ. Электр энергиясын өндірудің қазіргі қолданыстағы қуаты, оның ішінде 4 гигаватт көлеміндегі іске қосылатын жаңа генерация көздерін қоса есептегенде, 22 гигаватт қана болмақ. Тапшы болатын 6 гигаватт энергияны басқа мемлекеттерден сатып алуға мәжбүр боламыз.
Айта кетуіміз керек, Қазақстан көп жылдан бері энерготапшылық ахуалын бастан өткеріп келеді. Ішкі сұраныс артатын қысқы кезеңдерде электр энергиясын Ресейден импорттауға тура келіп отыр. Мәселен, 2023 жылы елімізде 112,8 млрд кВт/сағат электр энергиясы өндірілсе, тұтыну көлемі 115 млрд кВт/сағатқа жеткен. Жетіспейтін 2,2 млрд кВт/сағат көлеміндегі электр қуатын Ресейден алуға мәжбүр болдық. Ресейден 1 кВт/сағатын 26 теңгеден сатып алып отырмыз. Бұл – әдеттегіден қымбат баға.
Еліміздегі электр энергиясы тапшылығы туралы сөз болғанда, ең алдымен оңтүстік өңірлерді электр қуатымен қамтудағы күрделі ахуал айтылады. Қазақстанның 7 өңірі оңтүстік аймаққа жатады, оның ішінде ірі өндіріс орындары шоғырланған 2 мегаполисіміз бар. Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Алматы, Жетісу облыстары мен Шымкент және Алматы қалаларында тұратын жалпы халық саны 9 млн 959 мың адамды құрайды. Қазақстан халқының тең жартысы оңтүстік өңірлерде тұрады. Осы аймақтарда қазірдің өзінде электр энергиясының жетіспеушілігі қатты сезілуде. Мәселені реттеуде Қазақстанның бірыңғай электр энергетикалық жүйелерін басқарушы компания солтүстіктен – оңтүстікке транзиттік желісінің жүктемесін арттырған.
Транзиттік желінің жүктемесін арттыру – бұл уақытша ғана амал. Ол отандық электр энергетикасындағы күрделі ахуалды түбегейлі шешуге мүмкіндік бермейді. Транзиттік жүктелімнің артуы желілерде апаттық жағдайлардың да жиі туындауына себеп болмақ. Өкінішке қарай, 2022 жылдың қаңтар айында солтүстік-оңтүстік желісінің Балқаш транзиттік желісінде автоматты өшіру жүйесі іске қосылып, Алматы, Шымкент, Талдықорған, Тараз, Түркістан, тіпті шекара асып Бішкек, Ташкент қалалары жарықсыз қалды. Бұл біз үшін алғашқы дабыл болды.
Қазақстанның энергетикалық кешеніндегі негізгі активтер тозу шегіне жеткені белгілі. Еліміздегі жылу электр стансаларының 55 пайызы және гидро электростансаларының 68 пайызы соңғы 30 және одан да көп жылдан бері пайдаланылуда. Екібастұз, Рудный, Риддер, Теміртау стансаларында болған апаттық ахуалдар тозу шегінің қандай деңгейге жеткенін білдіреді. Еліміздегі барлығы 37 жылу электр орталығының 19-ы – қызыл деңгейде, 11-і сары деңгейде болса, небәрі 7-еуі ғана жасыл деңгейде деп бағаланған. ЖЭО жабдықтарының орташа тозу көрсеткіші 66 пайызды құраса, Орал, Степногор, Тараз, Қызылорда, Кентау жылу энерго орталықтарының тозу деңгейі 80 пайызға жеткен. Биыл қазандықтарды күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары жүріп жатыр.
Еліміздің энергетикалық кешеніндегі ахуалды таразылаған Мемлекет басшысы, таяу болашақта еліміз электр энергиясы тапшылығын айтарлықтай сезінуі мүмкін екенін айтты. «Кейбір болжамдар бойынша нақты шешімдер қабылданбаса, 2030 жылға қарай энергия қуатының тапшылығы алты гигаватқа жетеді. Бұл экономикамыздың даму қарқынын едәуір бәсеңдетіп, тұрғын үй-коммуналдық саласын дағдарысқа әкеп соқтырады. Ол халқымыздың тұрмысына кері әсер етеді. Проблеманы шешудің бір жолы атом энергетикасы болуы мүмкін, Энергетикалық сектор өкілдері осы амалды бірауыздан қолдайды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан табиғи уран өндіру көлемі бойынша әлемде бірінші орында екенін айтқан Президент, ядролық отынның компоненттерін өз елімізде өндіретінімізді, бұл бәсекелестіктегі біздің басты артықшылығымыз екенін мәлімдеді. Артықшылығымызды пайдалануға шақырып, аталған мәселені қоғамда және кәсіби ортада кең ауқымда әрі жан-жақты талқылауға үндеді. Ғылыми қоғамдастық бұған қомақты үлес қосып, объективті және прагматикалық қағидаттарға негізделген салмақты пікір айтады деген сенімін білдірді. «Ядролық энергетиканы құруға қатысты соңғы шешімді халық жалпыұлттық референдум арқылы қабылдайды», – деді Президент.
Жуырда өткен Үкімет отырысында заманауи атом электр стансалары көпдеңгейлі қауіпсіздік жүйесімен жабдықталатынына баса мән берілді. Қазақстанда атом электр стансаларын салу туралы шешім қабылданған жағдайда оны жобалау, салу және пайдалану кезінде АЭХА-ның (МАГАТЭ) халықаралық қауіпсіздік стандарттары қатаң басшылыққа алынатыны айтылды. Сонымен қатар шикізат базасы өзімізден шығатыны, яғни уран бағасының ауытқуы бізге әсерін тигізбейтініне көңіл бөлініп, бұл электр энергиясына тұрақты әрі болжамды тарифтерді қамтамасыз етуге мүмкіндік беретіні айтылды.
Парламент Мәжілісінің Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов партияның «Жастар Рухы» республикалық жастар саяси лагерінің жұмысына қатысу барысында АЭС төңірегінде жүріп жатқан ауқымды пікірталасқа байланысты өз ойын білдіріп, жастар бұл мәселеге белсенді қатысып, азаматтық ұстанымын жариялауы керек екенін атап өтті. «Президентіміз айтқандай, еліміз үшін ең маңызды шешімдер тек халықтың пікірін ескере отырып қабылданады. Бұл – Мемлекет басшысының басты ұстанымы. Демек, АЭС салу мәселесінде негізгі шешімді халық қабылдайды. Атом энергетикасы не үшін қажет? Біздің болашағымыз үшін қажет. Мемлекетіміздің бәсекеге қабілетін арттыру үшін қажет. АЭС – ғылым мен технологияны дамыту үшін қажет. Түптеп келгенде, ел тәуелсіздігін нығайту, экономикасын орнықты дамыту үшін қажет», – деді партия Төрағасы.
Шынында да, біз неден қорқамыз? Атом электр стансасы энергия импортына тәуелділікті жояды, кәсіпорындар үздіксіз жұмыс істейді, жаңа өндірісте жаңа жұмыс орындары ашылады, тариф төмендеп, өнімнің өзіндік құны төмендейді, бәсекеге қабілеттілік жоғарылайды, ең тиімдісі, халықтың табысы артады. Көздеген мақсат та осы емес пе?!
Қалыйма ЖАНТӨРЕЕВА,
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы
атқарушы хатшысының орынбасары,
Түркістан облыстық мәслихатының депутаты