Еліміздегі 236 мемлекеттік архивте ашық есік күні өтті
Қазақстан Республикасының Ұлттық архиві мен Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы бірлесіп «Архив және болашақ ұрпақ» жобасы негізінде ашық есік күнін өткізді.
Іс-шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дәулет Мұқаев, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Рустам Әли және зиялы қауым өкілдері, ұстаздар мен студенттер, оқушылар қатысты.
«Аталмыш жоба республика көлемінде үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Ашық есік күнінде өтетін іс-шаралар өскелең ұрпақтың отанға деген сүйіспеншілігін арттыру, ғасырлар бойы көздің қарашығындай сақталып келе жатқан архивтік құжаттардың маңызын түсіндіруді, сала мамандарының еңбегін насихаттауды көздейді. Ашық есік күні аясында Қазақстан тарихына қатысты танымдық көрмелер мен экскурсиялар әзірленіп, архивтің барлық бөлімдері таныстырылады. Соның ішінде бүлінген құжаттарды қалпына келтіретін лабораторияның жұмысы да бар», – деді Рустам Әли.
Ашық есік күнін аясында руна және көне түркі дәуірінен бастап, бүгінге дейінгі жазба мұралардың тарихы таныстырылып, қолжазбаларды реставрациялау, сканер технологиясын қолдану арқылы құнды құжаттарды цифрлау процесі көрсетілді. Іс-шара аясында әдеби викториналар мен интелектуал ойындар ұйымдастырылды.