Су тасқынынан кейінгі сабақ барысы: білім беру жүйесіндегі қалпына келтіру жұмыстары
Үкімет отырысында оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан су тасқынынан кейін білім беру мекемелеріндегі қалпына келтіру жұмыстарының барысы туралы баяндады.
Ол Министрліктің білім беру үдерісін ұйымдастыру мәселелерін бақылауда ұстайтынын және су тасқыны салдарынан зардап шеккен өңірлердегі ахуалға тұрақты мониторинг жүргізетінін атап өтті.
Вице-министрдің айтуынша, су тасқыны салдарынан 11 мыңнан астам бала оқитын 40 білім беру нысаны зардап шекті.
«Бүгінгі таңда Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Ақтөбе облысында 4 772 оқушы білім алатын 13 нысан зардап шеккен болатын. Қазіргі уақытта 4 нысанда қалпына келтіру жұмыстары аяқталды. Күрделі жөндеу 4 нысанда жалғасуда, олардың дайындығы – 90%-дан жоғары», — деді ол.
Сонымен қатар Ақтөбе облысында 5 нысанның құрылысы басталып, оған Үкімет резервінен 6,2 млрд теңгеге бөлінді. Қазіргі сәтте құрылыс-монтаждау жұмыстарының орындалған көлемі 17%-ды құрайды. Құрылысты 2025 жылы аяқтау жоспарлануда.
Салынып жатқан мектептердің оқушылары үшін тасымалдауды қамтамасыз ете отырып, басқа білім беру мекемелерінде уақытша оқыту ұйымдастырылды.
Атырау облысында 4 мыңнан астам бала оқитын 11 нысан су тасқынынан зардап шекті. Бүгінгі таңда №8 жалпы білім беру мектебі бойынша қалпына келтіру жұмыстары аяқталды, 6 нысанда жөндеу жұмыстары жүргізілуде, онда жұмыстар 70%-дан аса көлемде орындалған. №19 мектепте күрделі жөндеу басталды, оны аяқтау 2025 жылға жоспарлануда.
«Құлсары қаласындағы 280 орындық балабақшаның және жатақханасы бар «Білім-инновация» лицейін құрылысына Үкімет резервінен 7,7 млрд теңге бөлу жоспарлануда. Құрылысты аяқтау 2025 жылға көзделіп отыр. Оқушыларды оқыту қаланың басқа мектептерінде ұйымдастырылған», — деп мәлімдеді Е. Оспан.
Батыс Қазақстан облысында 1500-ден астам бала оқитын 5 нысан су басудан зардап шекті. Бүгінде жөндеу жұмыстары 3 нысанда аяқталды. Облыстық экологиялық-биологиялық орталықта ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде, құрылыс жұмыстарының деңгейі 80%-дан асты. «Еуразия» балалар сауықтыру лагері бойынша күрделі жөндеу жүргізу үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленді, ол мемлекеттік сараптаманың қарауында.
Қостанай облысында 137 бала оқитын 2 білім беру нысанын су басты. Қазіргі таңда «Солнечный» балалар сауықтыру орталығында жөндеу жұмыстары аяқталды.
«Жангелдин ауданындағы Айса Нұрманов атындағы мектепте ескі ғимарат бұзылып, Үкімет резервтері есебінен 897 млн теңге көлемінде 60 орындық жаңа мектептің құрылысы басталды», — деп мәлімдеді спикер.
Вице-министрдің айтуынша, аталған мектептің құрылысын аяқтау келесі жылға жоспарланған. Қазіргі сәтте мектептің бастауыш сынып оқушылары үшін оқу процесі ауылдық мәдениет үйінде, ал 5-9 сынып оқушылары үшін тасымалдау арқылы Көкалат ауылының мектебінде ұйымдастырылған.
«Зардап шеккен объектілерді қалпына келтіру процесі, жөндеу жұмыстарының уақтылы аяқталуы және оқу процесінің ұйымдастырылуы Министрліктің тұрақты бақылауында», — деді оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан.