Cемей-14°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
498.34 519.72 4.85

Қ. Шарлапаев: су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға арналған қалған 104 үй қыркүйек айының соңына дейін тапсырылады

24-09-2024, 13:31 Думан Кенжеғазыұлы

Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев су тасқынынан зардап шеккен қазақстандықтарға арналған 2576 үйдің құрылысы аяқталғанын хабарлады. 

Министрдің баяндауынша, жалпы алғанда, су тасқыны салдарынан 224 елді мекен, 17 603 тұрғын үй зардап шекті. Барлық зардап шеккен ғимараттарға техникалық тексеру жүргізілді. 

«Тексеру қорытындысы бойынша, 9 156 үй жөндеуден өтті. 8 447 үй қалпына келтіруге жатпайтын болып танылды. Нәтижесінде, нарықтан 5 767 үй мен пәтер сатып алынды. 2 680 жаңа үйдің құрылысы басталды», — деп түсіндірді өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев. 

Министр жаңа тұрғын үй салу алаңдарын таңдау барысында оларды келешекте су басудан шектеу мақсатында жергілікті жердің рельефтері мен ландшафты ескерілгенін атап өтті.

Бүгінгі күнге 2 576 үйдің құрылысы аяқталды. Спикер бұл үйлердің құрылыс жұмыстары мамыр айының соңында басталып, 4 ай ішінде аяқталғанына тоқталды.

«Құрылыс жұмыстарына цифрлық құралдар арқылы күнделікті мониторинг жүргізу мақсатында Министрлік жанында Ахуалдық орталық құрылды. Сонымен қатар құрылыс жұмыстарының барысы мен сапасын бақылау мақсатында әр өңірдегі құрылыс алаңдарына Министрліктің және су тасқынынан зардап шекпеген өңірлердің қызметкерлері іссапарға жіберілді», — деді ол.

Сондай-ақ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Әлеуметтік көмек» ақпараттық жүйесі залалды өтеу бойынша өтініштерді қабылдау және өңдеу процесін ұйымдастыруына елеулі үлесін қосты.

Цифрлық даму министрлігі мобильдік қосымшалар арқылы залалды өтеу өтінішін беруді қысқа уақытта ұйымдастырып, тиісті құжаттар болмаған жағдайдың өзінде өтініш беру мүмкіндігі қарастырылды. 

Үкімет отырысында айтылған деректерге сүйенсек, бүгінге дейін Батыс Қазақстан облысында 823 үй тұрғызылған. Облыстың шалғай аудандарында орналасқан елді мекендерде құрылыс жұмыстары толықтай қыркүйек айының басында аяқталды. Өңірдегі қалған 66 үйдің құрылысын қыркүйек айының соңына дейін аяқтау жоспарлануда.

Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласында 700 үй салынды. Бұл тұрғыда өңірде 300 үй алғаш рет жедел тұрғызылатын темір-бетон конструкциядан тұрғызылған. 

«Бұл – заманауи жылдам құрылыс технологиясы мен Қазақстан темір жолы тарапынан логистикалық қолдауының айқын көрінісі», — деді министр.

Ақтөбе облысында 500 үйдің құрылысы аяқталды. Өңірде әсіресе, Ырғыз ауданында ең қиын құрылыс жағдайы орын алды. Нұра ауылының тұрғандары келісім бойынша жаңа жерге көшіріліп, жаңадан тұрғызылған ауыл инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етілді.

Қостанай облысында 153 үй салынды. Бұл өңір, елді мекендердің бір-бірінен алыстығына қарамастан, зардап шеккен азаматтарды бірінші қыркүйекке дейін тұрғын үймен қамтамасыз етті. Мысалы, Қостанай қаласынан 700 км қашықтықта орналасқан Жангелдин ауданының Көлқамыс ауылында 19 үйдің құрылысы аяқталды.

Ақмола облысында 292 үй тұрғызылды. Қыркүйек айының соңына дейін қалған 38 үй аяқталуға жақын. Бұл үйлердің құрылысын бастамас бұрын, азаматтардың қоныс аудару және жаңа үйлер салу алаңын таңдау талғамдары ескерілді. Бүгінгі күнге құрылыс қарқыны жақсы жүруде. 

Атырау облысы Құлсары қаласында 100 үйдің құрылысы аяқталды. Павлодар және Ұлытау облыстарында 8 үй салынды.

«Су тасқыны басталғалы орталық мемлекеттік органдардың жедел өзара іс-қимылын атап өткен жөн. Құрылыс материалдарын дер кезінде жеткізу мақсатында логистика мәселелерін жедел шешудегі Көлік министрлігі мен Қазақстан темір жолының атқарған рөлі зор. Құрылыс жұмыстары барысында отандық тауарлардың кеңінен қолданылғанын атап өткім келеді. Сондай-ақ отандық өндірушілер, кезек пен қашықтыққа қарамастан, қажетті материалдарды жедел жөнелтуге белсенді ат салысты», — деді спикер.

Сонымен қатар әкімдіктер мен орталық мемлекеттік органдардың үйлестіруі нәтижесінде еңбек және материалдық-техника ресурстары барынша тартылды. Мәселен, 8 000 астам адам және 700 бірлік техника жұмылдырылды.

«Өз кезегінде, зардап шеккен азаматтарымызды тұрғын үймен қамтамасыз етуге ат салысқан – бизнес өкілдері, құрылыс компаниялары мен құрылысшылар, қайырымдылық қорлары, еріктілер мен еліміздің барлық жанашыр азаматтарының – белсенді жұмысын ерекше атап өтеміз. Бұл залалмен күрес, еліміздің тұтастығын айқын көрсетті. Сонымен қатар бұл залал, нормативтік құқықтық базаны өзгерту және төтенше жағдай кезіндегі жобалау тәсілдерін қайта қарауға түрткі болды. Министрлік бұл бағытта жұмыстарды күшейтетін болады», — деп түйіндеді сөзін Қ. Шарлапаев.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив