Айтылды-орындалды: «ЕС-АЙМАҚ» рухани орталығы ашылды
Абай облысында М. Әуезов атындағы педагогикалық колледжінің 120 жылдық мерейтойына орай «Қаражыра» АҚ демеушілігімен салынған жаңа студенттер орталығының салтанатты ашылуы өтті. Екі қабатты ғимараттың жалпы аумағы – 2 500 шаршы метр. Жаңа ғимарат студенттер кампусының ортасында орналасқан және заманауи жабдықтармен қамтылған.
«ЕС-АЙМАҚ» рухани орталығында 500 студентке арналған 7 арнайы кабинет пен зал бар. Жаңа ғимараттың негізгі мақсаты – колледж студенттері мен Семей қаласының тұрғындарына арналған мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізу.
Концерт залы 300 орынға арналған. Онда заманауи LED экран, жарық және дыбыс жабдықтары, автоматтандырылған сахна механизмдері мен жұмсақ орындықтар орналасқан. Сондай-ақ ғимаратта ауаны тазартатын интеллектуалды заманауи желдеткіш және салқындату жүйесі орнатылған. Ғимарат оқу корпусы мен жатақхана арасын өткелдер арқылы байланыстырады.
Құрылыс Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев пен «Қаражыра» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Владимир Джуманбаевтың бастамасымен бизнестің өңірлерге әлеуметтік қолдау көрсету аясында жүзеге асты.
Абай облысының білім басқармасына қарасты М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжі мерейтойына арналған мерекелік іс-шаралар 28 қыркүйекке дейін жалғасады. Мерекелік бағдарламада халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция, семинар-практикум, фото көрме, мұрағаттық құжаттар көрмесі ұйымдастырылған, сондай-ақ колледждің танымал түлектері мен оқытушыларына арналған тақырыптық оқу кабинеттері ашылады.