Cемей7°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар12°С
478.54 533.76 5.17

ҰЯО ашық есік күні: Адам. Энергия. Атом

Бүгін, 12:37 Думан Кенжеғазыұлы

Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы 1992 жылдан бері жұмыс істейді. Ашылғанына 32 жыл болған орталық бүгінде еліміздің алпауыт зерттеу нысандарының алдыңғы қатарында.

Өз жұмыстарын халыққа таныстыру мақсатында ҰЯО ашық есік күнін өткізді. Іс-шараға Семей қаласы Шәкәрім атындағы университетінің студенттері, БАҚ өкілдері, қоғам белсенділері қатысты.

Ұлттық ядролық орталық еліміздің атом саласының ең ірі және заманауи эксперименттік базасы бар жетекші ғылыми-зерттеу ұйымы. Оған ИВГ.1М және ИГР сияқты бірегей ядролық зерттеу реакторлары, Қазақстан Республикасына осындай ауқымдағы басқарылатын термоядролық синтез саласында озық зерттеу қондырғылары бар 10 елдің қатарына кіруге мүмкіндік берген, әлемде баламасы жоқ қазақстандық КТМ термоядролық материалтану токамагы, реактордан тыс әртүрлі эксперименттер жүргізуге арналған қондырғылар мен стендтер, кең ауқымды физикалық және радиоэкологиялық зерттеулер жүргізуге арналған мамандандырылған зертханалар, халықаралық мониторинг жүйесіне енгізілген геофизикалық станциялар желісі кіреді.

Қатысушылар ең алдымен Ұлттық Ядролық Орталық мұражайында болды. Онда орталықтың ашылу тарихымен және филиалдарының жұмыстары таныстырылды.

- 1957 жылы құрылған Ядролық физика институты 1992 жылы Ұлттық ядролық орталық құрамына енген болатын. Негізгі бағыттарымыз – ядролық физика, қатты дене және материалтану саласында іргелі зерттеулер жүргізу, радиоэкологияның ядролық-физикалық әдістерін дамыту, жоғары санатты мамандар даярлау, - деп атап өтті бас директордың ғылым жөніндегі орынбасары Владимир Витюк.

Бүгінде ҚР ҰЯО қызметінің стратегиялық бағыттарына еліміздегі атом энергетикасын дамыту, БТС және көміртегі энергетикасы технологияларын дамыту, радиациялық қауіпсіздік және экологиясы және атом саласына ақпараттық және кадрлық қолдау көрсету жатады.

Келесі нысан «КТМ» Қазақстандық материалтану токамагі болды. Қазір әлемде баламасы жоқ бірегей техникалық сипаттамаларының арқасында КТМ токамагы халықаралық ғылыми қоғамдастықта барынша сұранысқа ие. Қатысушыларды материалтану технологиясының жұмысы қызықтырды. Сондай-ақ өздерінің сұрақтарын қойып, барынша жұмыс барысын білуге тырысты.

- Токамактің негізгі міндеті – болашақ термоядролық реакторлардың, соның ішінде ITER-дің жауапты тораптары мен жиынтықтаушыларын жасау үшін перспективалық материалдардың жоғары температуралы плазмамен өзара әрекеттесуі бойынша зерттеу жүргізу. Қазақстандық КТМ материалтану токамагының стендтік кешенін құру жобасын іске асыру Қазақстан Республикасына осындай ауқымдағы термоядролық синтездің озық зерттеу қондырғыларына ие 10 елдің қатарына кіруге мүмкіндік берді, - деді ҰЯО бас инженерінің орынбасары Денис Зарва.

Сонымен қатар келушілерге ҰЯО бірігей «EAGLE» жобасын таныстырды. ҰЯО мамандары «EAGLE» жобасының бірегейлігі әлемде алғаш рет реактор жағдайында белсенді аймақ материалдарын балқытумен эксперименттер (8 кг-ға дейін отын, 10 кг-ға дейін балқыма-құрылымдық материалдармен) жүргізіліп жатқанын айтты. Жоба бойынша алғашқы келісім-шарт 1995 жылдың желтоқсанында жасалған. Сонымен қатар, қауіпсіздік шаралары толығымен сақталған. Апаттық  жағдай орын ала қалса, мамандарды оқиға орнынан дер кезінде алып шығу үшін арнайы терезе әйнектер орнатылған.

Бүгінде эксперименттердің нәтижелерін өңдеу және талдау жалғасып жатыр. Осылайша, теңдессіз эксперименттік деректерге қол жеткізілді деуге болады.

ҚР ҰЯО миссиясы – Қазақстан Үкіметінің атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы саясатын ғылыми-техникалық қолдау. Сонымен қатар, ғылым саласына өз үлестерін қосу.

Іс шара соңында ашық есік күніне келген қонақтар өз алғыстарын білдіріп, атом энергетикасымен танысқандарына қуанышты екендерін жеткізді.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив