Алматы облысында ҰҚШҰ-ның «Мызғымас бауырластық-2024» оқу-жаттығуы басталды
«Берег» полигонында Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы бітімгерлік күштерінің «Мызғымас бауырластық-2024» командалық-штабтық оқу-жаттығуының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Оған Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан бітімгерлік күштерінің ұлттық контингенттері, Біріккен штаб пен ҰҚШҰ Хатшылығының жедел топтары жұмылдырылды.
Оқу-жаттығуға қатысушыларды Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Бас штабының бастығы генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов құттықтады.
– Әлемдегі жағдай алаңдаушылық туғызады. Сол себепті біз тек өз елдеріміз үшін ғана емес, бүкіл әлемдік қоғамдастық үшін өзекті болып отырған түрлі сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлерге дайын болуымыз керек. ҰҚШҰ-ға төрағалық ету шеңберінде Қазақстан Ұйымның бітімгерлік әлеуетін дамытуды негізгі басымдықтардың бірі ретінде қабылдайды. Оқу-жаттығу барысында Ұжымдық бітімгерлік күштерінің бейбітшілікті қолдау жөніндегі операцияны дайындау мен жүргізу жөніндегі тапсырмаларды орындау кезінде бөлімшелерді үйлестіру мәселелері пысықталатын болады, – деп нақтылады Қазақстан Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары.
Оқу-жаттығуға қатысушыларға арнаған сөзінде ҰҚШҰ Бас хатшысының орынбасары Таалатбек Масадықов Орталық Азия аумағы дәстүрлі түрде қалыптасып келе жатқан әлемдік тәртіптің жаһандық әскери-саяси қатысушыларының назарын аударатынын атап өтті.
– Аймақтың үлкен логистикалық мүмкіндіктері пайдалы қазба қорларымен үйлесіп, радикалды экстремизмнің таралуы мен террористік қауіптің күшеюін қоса алғанда, алпауыт державалардың үнемі бәсекелестігі мен саяси тұрақсыздыққа жағдай жасайды. ҰҚШҰ-ның бітімгерлік күштері ұжымдық күштердің ажырамас бөлігі бола отырып, Ұйымға мүше мемлекеттердің аумағында да, БҰҰ мандаты бойынша одан тыс жерлерде де ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің шешімдеріне сәйкес бітімгерлік операцияларды жүргізуге үнемі дайын болуға тиіс, – деп атап өтті ҰҚШҰ Бас хатшысының орынбасары Таалатбек Масадықов.
Оқу-жаттығудың ашылу салтанатында ҰҚШҰ Біріккен штабы бастығының бірінші орынбасары генерал-лейтенант Хасан Калоев сөз сөйледі.
– Бүгінгі таңда ұйымға мүше мемлекеттердің әлемнің түкпір-түкпіріндегі бітімгерлік шаралардан 25 жылдан астам тәжірибесі бар. Алдағы оқу-жаттығудың ерекшелігі әскери құралымдардан басқа бірлескен іс-қимылдарға Ішкі істер органдарының, полицияның, Ішкі әскерлер мен Ұлттық ұлан әскерлерінің, қауіпсіздік органдары мен төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың салдарын жою саласындағы уәкілетті органдардың бөлімшелері тартылады, – деді ол.
Айта кету керек, «Мызғымас бауырластық-2024» командалық-штабтық оқу-жаттығуы Қазақстан Қарулы күштері Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Алмаз Жұмакеевтің басшылығымен өтуде. Оқу-жаттығуға барлығы 2000-нан астам әскери қызметші, 500 бірлік сауытты танк және автомобиль техникасы, Ми-17, Ми-35 тікұшақтары, Ил-76, Си-295 ұшақтары және ұшқышсыз ұшу құралдары тартылған.
Бітімгерлік операцияларды жүргізу барысында ҰҚШҰ-ның Ұжымдық бітімгерлік күштері босқындарды қабылдау бекеттерінде, гуманитарлық көмек тиелген лектерді сүйемелдеу кезінде оқу-жауынгерлік тапсырмаларды орындайтын болады.