Қариясын қадірлеген ел ардақты
1 қазан – біз үшін ерекше мерекелердің бірі – Халықаралық қарттар күнін атап өтеміз. Мереке ұрпақтардың бірлігі мен сабақтастығының бейнесі, бар ғұмырын еңбекке арнаған, балалары мен немерелеріне өз білімдерін берген, тарихтың ондаған жылдарын үздіксіз бір тізбекке біріктірген қарттарымызды қоғам мүшелерінің қадірлеп, құрмет көрсетуі болып табылады.
Осындай тамаша күн аясында «Семей қаласы орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ-нің кітапхана-бөлімшелерінің қызметкерлері ұрпақтар арасындағы байланысты нығайту, аға ұрпаққа деген мейірімді, сыйластық қарым-қатынасты қалыптастыру, олардың сіңірген еңбегінің маңыздылығын тану мақсатында түрлі іс-шаралар өткізеді.
Атап өтсек, Мирный кентіндегі кітапхана-бөлімшесінің қызметкерлері зейнеткер оқырмандардың қатысуымен «Әдемі қартая білейік» атты арнау кешін өткізді.
Кешті ашқан кітапхана қызметкері қатысушыларды Қарттар күнімен құттықтап, олардың позитивтілігін, алғырлығын, әдемі көріну қабілетін атап өтті.
Іс-шараға еңбек ардагері Вера Ивановна Абрахимова қатысып, мемлекет басшысының бастамасымен зейнет жасындағы азаматтардың тұрмысын жақсарту мақсатында атқарылып жатқан әлеуметтік шараларға назар аударды.
Кеште оқырмандар зейнеткердің күнделікті өмірі, хоббилері туралы, бос уақыттарының басым бөлігін кітап оқуға көп көңіл бөлетінін, сондай-ақ естеліктерімен бөлісіп, әуезді әндерін шырқап, осы шараны ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.
Жоламан кентіндегі кітапхана-бөлімшесінде тұрақты оқырмандардың қатысуымен «Қариясын қадірлеген ел ардақты» атты мейірімділік сағаты өткізілді.
Шара барысында кітапхана қызметкері өзінің тұрақты және қымбатты оқырмандарын Қарттар күні мерекесімен құттықтады.
Мейірімділік сағаты жалғасында тұрақты оқырман, №38 мектеп мұғалімі Жұмабек Бейсекович Жұмақанов пен №48 мектептің оқушыларының орындауындағы сүйікті ақындардың шығармаларынан үзінділер оқылып, көңілді әндер айтылды.
Кітапхана қызметкері шара қонақтарына жүрек жылуы, еңбекке арнаған жылдар мен күш-жігері, ата-әжелер немерелері мен балаларымен бөліскен тәжірибелері, сондай-ақ кішілерге үлгі болғандары үшін алғысын білдіріп, жайылған мерекелік дастарханға шақырды.
Цемент кентіндегі кітапхана-бөлімшесінде «Қарттар – біздің қазынамыз» атты комплимент кеші өткізілді.
Іс-шара кітапханашының жылдың әр мезгілінің керемет екендігі, уақыттың жылдамдығы жайында, көктем қыстың орнына, ыстық жаз, алтын күз келіп, шеңбер секілді домалап, ауысып отыратыны, әр уақыттың өзіндік ерекшеліктері бар деген сөздерімен басталды. Сондай-ақ дәл осы күні біз жүрегімізге жақын жандарды, аға, дана ұрпақты мерекелерімен құттықтаймыз деп, Н.Добронравов пен А.Пахмутованың «Как молоды мы были» әнін орындады.
Кеш қызықты сайыстар және викториналармен жалғасып, жылы лебіздер айтылып, алтын жас туралы сүйікті өлеңдері мен адамзат тарихындағы ұзақ өмір туралы қызықты деректер оқылды.
Осы күні №12 кітапхана-бөлімшесінде аға буын оқырмандар үшін «Қарттарым – асыл қазынам» атты кездесу кеш өткізілді.
Кездесу кеш қатысушыларға араласуға, пікір алмасуға, шығармашылық ойлары және хоббилермен бөлісуге, әдебиет бойынша қызықты ақпарат алуға мүмкіндік берді.
Сонымен қатар, тұрақты оқырмандардың қатысуымен Шақаман ауылындағы кітапхана-бөлімшесінде «Қарты бар елдің қазынасы бар» атты әдеби кеш өткізілді.
Іс-шарада мерекелік дастархан жайылып алғыс сөздер, өлеңдер, әндер мен билер шырқалды.