Қорғаныс министрлігінде Қарулы күштердегі заңдылық пен құқық тәртібінің мәселелері талқыланды
Астанада Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықовтың басшылығымен кеңейтілген кеңес өтті. Онда оқу жылының бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша заңдылық, құқықтық тәртіптің және тәрбие жұмысының жай-күйіне қатысты мәселелер қаралды.
Кеңеске құрылымдық бөлімшелердің басшылары, Қарулы күштер түрлерінің бас қолбасшылары, әскер тектерінің, өңірлік қолбасшылықтардың қолбасшылары, олардың тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасарлары, бас сержант қатысты.
Қорғаныс министріне «Өміріңді сақта» бағдарламасын іске асырудың аралық нәтижелері, құқықтық тәртіптің жай-күйі, тәрбие және идеологиялық жұмыс органдарының қызметін жетілдіру, жеке құрам арасындағы жарғыдан тыс қатынастардың алдын алу туралы баяндалды.
Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов өз сөзінде жергілікті жерлерде «Өміріңді сақта» ведомствоаралық бағдарламасының іске асырылуының сапасына назар аударды. Атап айтқанда, командирлердің сарбаздардың аналар комитетінің өкілдерімен тығыз қарым-қатынасын және мерзімді борышын өтеп жүрген әскери қызметшілердің ата-аналары көтерген мәселелерге мұқият қарауды талап ететін «Ұлдың қызметі ана көзімен» жобасы туралы болды.
Генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов құқық бұзушылықтың алдын алудың пәрменді құралы бейнебақылау жүйелері екенін атап өтті. Осыған байланысты ол әскери бөлімдер мен бөлімшелерді жарақтандыру бойынша бірыңғай стандартты, техникалық талаптар мен құқықтық регламенттеуді енгізуді жеделдетуді ұсынды.
Жиында сонымен қатар, Әскери полиция бас басқармасының және Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің бастықтары полковник Руслан Құлымбетов пен әділет полковнигі Тілеухан Басқожаев, Құрлық әскерлері бас қолбасшысының міндетін уақытша атқарушы генерал-майор Қаныш Әбубәкіров баяндама жасады.
Кеңейтілген кеңестің қорытындысы бойынша Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов құқықтық тәртіп пен әскери тәртіпті нығайтуға бағытталған бірқатар тапсырмалар берді.
Ең алдымен, ол кадрларды сапалы іріктеу және орналастыру, шалғайдағы әскери бөлімдердегі әскери қызметшілердің тұрмысын ұйымдастыру және әлеуметтік қамтамасыз ету қажеттілігіне назар аударды. Министрдің нұсқауы бойынша 2023 оқу жылының бірінші тоқсанының қорытындысына қарай құқық бұзушылықтардың өсуіне жол берілген әскери бөлімдер командирлерінің атқаратын лауазымдарына сәйкестігі туралы мәселе де қаралатын болады.