Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының отырысы өтті
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Спикері, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының XXII отырысы өтті. Бейбітшілік және келісім сарайында ұйымдастырылған кездесуге 19 елден келген дін қызметкерлері мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. Ауқымды іс-шара түрлі ұлттардың және конфессиялардың ынтымақтастығын көздейтін идеяға табан тірейді. Отырысқа қатысушылар қазіргі сын-қатерлерді бірлесіп еңсеру жөнінде пікір алмасып, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің алдағы VIII Съезінің күн тәртібін талқылады. Сондай-ақ жиын барысында Съездің Ізгі ниет елшілері сайланды және дін қызметкерлері жоғары наградалармен марапатталды.
Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев отырысқа қатысушыларға ілтипат білдірді. Сондай-ақ ол рухани көшбасшылар 20 жылдан астам уақыт бойы Съезд аясында күш біріктіріп, діндер, мәдениеттер және халықтар арасындағы диалогты дамытуға, адамзатты алаңдатқан жаһандық проблемаларды шешуге елеулі үлес қосып келе жатқанын атап өтті. Мемлекет басшысы әртүрлі ұлттардың және конфессиялардың ынтымақтастығын нығайтуға баса мән беріп келеді. Бұл ретте «Бірлігіміз әралуандықта» қағидаты Әділетті Қазақстан үшін маңызды негіз екенін атап өткен жөн.
Сонымен қатар Хатшылық басшысы қазіргі таңда жаһандық сын-қатерлер бір-бірімен тығыз байланысты екенін, мұндай жағдай олардың ықпалын арттыра түсетінін айтып, бүкіл әлем күрделі кезеңді бастан өткеріп жатқанын тілге тиек етті. Геосаяси шиеленістердің салдарынан бейбіт тұрғындар зардап шегіп, халықаралық қоғамдастық қол жеткізген құндылықтарға нұқсан келуде.
«Бүгінде біз Таяу Шығыстағы ахуалға алаңдаулымыз. Осы орайда тараптарды бейбіт тұрғындардың құрбан болуынан және жағдайдың одан әрі ушығуынан сақтану үшін күш қолданудан бас тартуға шақырамыз. Мұндай ахуал кедейлік, теңсіздік және климаттық дағдарыс сияқты сын-қатерлерді күшейте түсетіні белгілі. Осындай проблемаларды азайту және еңсеру үшін барлық конструктивті күштердің әлеуетін біріктірудің мәні зор. Бұл ретте рухани дипломатияның маңызы артып келе жатқанын атап өткен жөн. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің мақаласында атап өткендей: «Қазіргі таңда әлемде саяси белгісіздік белең алған жағдайда мәдениеттер мен өркениеттер арасындағы диалогты арттыру аса маңызды». Сондықтан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Съезі сияқты диалог алаңдарын дамыту айрықша мәнге ие», – деді Съезд Хатшылығының Басшысы.
Іс-шара барысында қатысушылар Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген Съезді дамытудың 2023-2033 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыруға және соның аясында қазіргі таңдағы басқа да өзекті сын-қатерлерді бірлесіп еңсеруге назар аударды. Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, нейрожелілер мен жасанды интеллекттің қарқынды дамуы кең мүмкіндіктермен қатар фейктердің таралуына да жол беріп, жаһандық тұрақтылыққа нұқсан келтіріп отыр. Осындай жағдайда Қазақстан аталған қатерлерді еңсеруге ықпал ете отырып, халықаралық қауіпсіздіктің жаңа жүйесін қалыптастыруды жалғастыра береді.
«Жалған ақпараттың, оның ішінде жасанды интеллект арқылы әзірленген негізсіз деректің таралуы этностық, діни және әлеуметтік топтар арасындағы әртүрлі қақтығыстарға әкелуі әбден мүмкін. Бұл жағдайда бейбітшілікті, келісімді және өзара сенімді нығайтуға бағытталған шаралардың тиімділігін арттыру ерекше мәнге ие. Сондықтан Мемлекет басшысы Съезді дамытудың 2023-2033 жылдарға арналған тұжырымдамасын әзірлеуге бастамашы болып, Форумның миссиясын дәріптеудің нақты тетіктерін айқындау міндетін жүктеді. Бүгінде рухани көшбасшылармен және халықаралық ұйымдардың өкілдерімен бірлесіп, аталған жұмыс жүйелі әрі мақсатты түрде жүргізіліп келеді», – деп, Сенат Төрағасы барлық қатысушыға осы бағыттағы нәтижелі жұмыс үшін ризашылық білдірді.
Хатшылық отырысында қатысушылар бейбітшілікті сақтап, диалог пен өзара құрмет мәдениетін нығайту үшін барлық діни және халықаралық ұйымдардың күш-жігерін ортақ мүддеге жұмылдырудың маңызды екеніне тоқталды. Сондай-ақ мызғымас рухани және адамгершілік құндылықтарды ілгерілетуге арналған Ізгі ниет елшілері мәртебесі беріліп, оның ережесі белгіленді. Нақты айтқанда, аталған мәртебеге қазақстандық әнші Димаш Құдайберген, Вьетнам буддисттік сангханың Бас хатшысы, Атқарушы кеңес Төрағасының орынбасары Тхить Дык Тхиен, Иерусалимнің және бүкіл Палестинаның Патриархы ІІІ Теофил, Мұсылман ақсақалдар кеңесінің Бас хатшысы Мұхаммед Абделсалам және Англикан қауымдастығы Бас хатшысының орынбасары Джо Уэллс лайық деп танылды.
«Съездің Ізгі ниет елшілері институты рухани дипломатияның маңызды элементі болуды көздейді. Съезді дамыту тұжырымдамасы аясындағы тағы бір маңызды бастама – Жас дін лидерлерінің форумы. Жас көшбасшыларды Съезд қызметіне тарту қалыптасқан дәстүр мен өркениетаралық және конфессияаралық диалогтың сабақтастығын сақтауға кепіл болары анық. Түрлі конфессиялардың, халықаралық және қоғамдық ұйымдардың, болашағынан үлкен үміт күттіретін ғалымдар мен саясаткерлер ертең Астанада бас қосып, жас лидерлердің бүгінгі әлемнің үйлесімді дамуындағы рөлін талқылайды. Мұндай қадамдар Съездің одан әрі нығаюына ықпал етіп, рухани дипломатия мен дінаралық және мәдениетаралық диалогты дәріптеуге өз септігін тигізеді деп сенеміз», – деген Мәулен Әшімбаев Хатшылық отырысына қатысушыларды Съездің Құрмет медалімен марапаттады.
Өз кезегінде делегаттар бейбітшілік пен конфессияаралық келісімді сақтау жолында діни және саяси көшбасшылардың күш-жігерін біріктіруге ұйытқы болғаны үшін Қазақстанға ризашылықтарын білдірді. Сондай-ақ олар Съездің еларалық қақтығыстардың салдарын жеңілдетуге және кедейлік, радикализм мен экстремизмге қарсы іс-қимыл, экологиялық апаттар сияқты жалпыадамзаттық проблемаларды оң шешуге тигізетін ықпалына назар аударып, бүгінде Форумның беделі айтарлықтай өсіп келе жатқанын атап өтті.
Сондай-ақ Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII Съезінің жалпы отырысы мен панельдік сессияларының тақырыптары және өтетін мерзімі белгіленді. Соған сәйкес VIII Съезд 2025 жылғы 17-18 қыркүйекте өткізіледі және ол «Діндер диалогы: болашақ жолындағы синергия» тақырыбына арналады. Одан бөлек, Съезд Хатшылығының XXII отырысының Хаттамасы қабылданды.
Айта кетейік, Съезд Хатшылығының отырысына ислам, христиан, буддизм, иудаизм, даосизм, синтоизм және бахаи дінінің делегаттары, сондай-ақ, халықаралық ұйымдар мен Қазақстандағы діни бірлестіктердің өкілдері қатысты. Іс-шарада БАӘ Толеранттылық және бейбіт қатар өмір сүру министрлігінің Бас директоры Афра Мұхаммед Әлсабри құрметті мейман ретінде қатысып, сөз сөйледі.