Семей төрінде «Сәби болғым келеді»
Бүгін Семей қаласындағы Ә. Қашаубайұлы атындағы облыстық филармониясында әйгілі әнші-композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тұрсынғазы Рахимовтың шығармашылығына арналған «Сәби болғым келеді» атты республикалық ән байқауы фестивалі шымылдығын түрді. Бұл байқауда еліміздің 7 өңірінен (Алматы, Абай, Жамбыл. Жетісу, Қарағанды, Атырау, Шығыс қазақстан облысы және Алматы қаласы) 24 әнші өнер көрсетіп, бағын сынамақ.
Қазақтың дәстүрлі ән өнерінде айшықты қолтаңбасын қалдырған кесек талант иесінің шығармашылық өнері қай кезде де насихаттауға лайықты екені белгілі. Осы тұрғыда Абай облыстық Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Толқын Берікбекқызы бұл байқаудың мән-маңызына тоқтала келіп, бұл өнер байқауының аясы алдағы жылдарда да кеңейе түсетінен хабардар етті. Сонымен қатар Тұрсынғазы Рахимовтың жары Фатима Балтахунқызына қазақы дәстүрмен шапан жауып, құрмет көрсетті.
«Сәби болғым келеді» атты республикалық ән байқауы ертең Абай атындағы театрда жалғасып, өнер жеңімпаздары анықталатын болады. Байқауға қатысушылардың өнеріне Ғалым Мұхамедин (қазылар алқасының төрағасы) Толғанбай Сембаев, Бақыт Үдербаева, Еркін Шүкіман сияқты дәстүрлі әннің дүлдүлдері төрелік етуде.