Мәжіліс сот жүйесін реформалау туралы заңды екінші оқылымда қабылдады
Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен жалпы отырыс өтті. Онда депутаттар сот жүйесін реформалау және процестік заңнаманы жетілдіру туралы заңды екінші оқылымда қабылдады. Сондай-ақ Қазақстан мен Қатар үкіметтері арасындағы әскери ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялады.
Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатымен сот жүйесін реформалау және процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша заң жобасына депутаттар бастамашы болды. Бірінші оқылымда мақұлданғаннан кейін түзетулерге біршама өзгеріс енгізілді. Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрайымы Снежанна Имашеваның айтуынша, кассациялық қадағалауды жетілдіруге қатысты нормалар қайта қаралған.
– Биыл 5 шілдеде Мемлекет басшысы қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша тәуелсіз кассациялық соттар құруды көздейтін Конституциялық заңға қол қойды. Ол 2025 жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енеді. Осыған байланысты сот ісін жүргізудің барлық түрі бойынша кассациялық сотқа жүгінудің және сот актілерін қайта қараудың бірыңғай қағидаларын енгізу ұсынылып отыр. Істер кассациялық соттарда алдын ала қаралмастан, үш судьядан тұратын алқаға тікелей жіберілетін болады. Кассациялық соттың істерді қарау мерзімі алты айдан аспайды. Сот процесі тараптар шақырыла отырып, ауызша жүргізіледі, – деді С.Имашева.
Сонымен бірге кассацияға қатысты қолданыстағы шектеулер 2027 жылы 1 шілдеден бастап алынып тасталады. Азаматтық істер бойынша талап қою сомасы 200 АЕК-тен төмен жеке тұлғалардың және талап қою сомасы 30 мың АЕК-тен төмен заңды тұлғалардың мүліктік мүддесіне байланысты даулар бойынша шектеулер, теріс қылықтар мен онша ауыр емес қылмыстар жөніндегі шектеулер алынып тасталады.
Сондай-ақ Жоғарғы Соттың рөлі өзгереді. Оның негізгі мақсаты сот тәжірибесін нақтылау және біркелкілігін қамтамасыз ету болады.
– Сот актілері ерекше жағдайларда Жоғарғы Сот судьясының ұсынысы немесе Бас Прокурордың наразылығы бойынша Жоғарғы Сотта қайта қаралуы мүмкін. Мұндай жағдайларға мыналар жатады: сот практикасы біркелкілігінің бұзылу жағдайы, мемлекет немесе қоғам мүддесін қозғайтын жағдай, қабылданған сот актілері айқындалмаған тұлғалар тобының құқығын бұзатын не адамдардың өмірі мен денсаулығы үшін орны толмас ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін жағдай және тағы басқалар, – деді С.Имашева.
Дауыс беру қорытындысы бойынша депутаттар заңды екінші оқылымда қабылдап, одан әрі Сенаттың қарауына жолдады.
Мәжіліс сондай-ақ 2023 жылы 12 желтоқсанда Дохада қол қойылған Қазақстан мен Қатар үкіметтері арасындағы әскери ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялады. Құжат бойынша Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев баяндама жасады.
– Қатар – араб әлеміндегі еліміздің маңызды саяси және экономикалық серіктесі. Оған қоса әскери ынтымақтастықтың перспективалық бағыттары бар. Келісімді ратификациялау тараптарға әскери білім беру, ғылым, әскери медицина және басқа да өзара келісілген салаларда әскери ынтымақтастықты жүзеге асыруға мүмкіндік береді, – деді Қорғаныс вице-министрі.
Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан қосымша баяндамасында әскери саладағы мәдени-спорттық іс-шаралар, бейбітшілікті сақтау, жауынгерлік даярлық және өзге де салаларға байланысты мәселелер бойынша консультациялар өткізу көзделгенін айтты.
Бұдан бөлек бүгін Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті Қазақстан мен Қатар арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасын жұмысқа алды.
Жалпы отырыс соңында мәжілісмендер әлеуметтік-экономикалық тақырыптар бойынша мемлекеттік органдарға 18 депутаттық сауал жолдады. Олар Мәжілістің ресми сайты мен Telegram-арнасында жарияланды.