Қазақстан, Ұлыбритания және Сауд Арабиясы сертификатталған органдар арасындағы ынтымақтастықты нығайта түсуде
Германияның Берлин қаласында өткен ILAC және IAF аккредитация бойынша жетекші халықаралық ұйымдардың Бас ассамблеясында Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Ұлттық аккредитация орталығы (ҰАО) мен Ұлыбритания аккредитация қызметі (UKAS), сондай-ақ ҰАО мен Сауд Арабиясының аккредитация орталығы (SAAC) арасында стратегиялық серіктестікті тереңдетуге бағытталған құжаттар қабылданды.
Кездесулер мен келіссөздердің нәтижесінде ҰАО бас директорының міндетін атқарушы Ержан Қарасаев пен UKAS бас атқарушы директоры Мэтт Гэнтли ҰАО мен UKAS арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Сонымен қатар Ержан Қарасаев SAAC басшысы Dr. Adel Alkeaid-пен аккредитация саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Аталған құжаттар аккредитация саласында тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Тараптар аккредиттеген сәйкестікті бағалау органдарының нәтижелеріне деген сенімділікті арттыру бойынша бірлескен күш-жігерді, сондай-ақ екіжақты сауда шеңберінде аккредитацияға қатысты өзара техникалық мәселелерді шешудегі ынтымақтастықты, халықаралық және аймақтық аккредитация ұйымдары шеңберінде ынтымақтастықты нығайту бойынша бірлескен жұмысты қарқындатуға келісті.
Қол жеткізілген келісімдер Қазақстан мен достас елдердің аккредиттеу органдары арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және практикалық серіктестікті тереңдетуге бағытталған.
Анықтама:
ILAC – зертханаларды аккредиттеу бойынша халықаралық ынтымақтастық, 118 елдің 116 аккредиттеу органын біріктіреді және зертханаларды аккредиттеу нәтижелерін өзара тану туралы келісімге (ILAC MRA) қол қойған;
IAF – сертификаттау саласында аккредитацияны өзара тану туралы келісімге қол қойған 101 елдің 86 аккредиттеу органын біріктіретін халықаралық аккредитация форумы (IAF MLA).
Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің Ұлттық аккредитация орталығы 2010 және 2013 жылдардан бастап осы екі ұйымның толыққанды мүшесі болып табылады.