Алматыда Жаһандық босқындар туралы шарт шеңберіндегі міндеттемелер талқыланды
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі – ҚР СІМ Алматы қаласындағы өкілдік басшысы Жәнібек Әбдрашов БҰҰ Орталық Азиядағы босқындар істері жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасының өкілдігі ұйымдастырған Жаһандық босқындар туралы шарт шеңберінде міндеттемелерді орындау және азаматсыздықты жою жөніндегі күш-жігер бойынша өңірлік консультативтік кеңесінің жұмысына қатысты.
Өз сөзінде Ж. Әбдрашов Қазақстанның БҰҰ Бас Ассамблеясының 79-шы сессиясы шеңберіндегі Болашақ үшін саммитінде қабылданған Болашақ үшін пактіні қолдағанын атап, еліміздің БҰҰ жаһандық бастамаларына белсенді қатысатынын назарға салды. Сондай-ақ ол 1999 жылдан бастап еліміз Босқындар мәртебесі туралы конвенцияға және Босқындар туралы жаһандық шартқа белсенді қатысып келе жатқанын да айтты. 2023 жылғы желтоқсанда Босқындар мәселелері жөніндегі екінші жаһандық форумда Қазақстан босқын мәртебесін беру рәсімдерін жеңілдетуге және азаматтығы жоқ адамдардың құқықтарын кеңейтуге бағытталған алты жаңа ерікті міндеттемені өз мойнына алды.
Іс-шараға Орталық Азия елдерінің өкілдері қатысты. Кездесудің негізгі мақсаттарына мемлекеттік серіктестермен бірлескен іс-шараларды талқылау, өңірдегі босқындар мен азаматтығы жоқ адамдарды қолдаудың негізгі бағыттарын талдау және Азаматсыздық бойынша жаһандық альянсқа шолу кірді.
Нәтиже ретінде қатысушылар міндеттемелер бойынша қол жеткізілген прогресті, баспана іздеушілерге қолдауды күшейту мүмкіндіктерін және босқындардың құқықтық жағдайын жетілдіру жолдарын талқылап, оларды Орталық Азияда қорғау жөніндегі халықаралық бастамаларға үлес қосуға дайын екенін растады.