Абай облысында АПВ-ға қарсы вакцинациялау жүргізілуде
Адам папилломасы вирусына қарсы иммундау Абай облысында қарқынды жүргізілуде. Қазақстан Республикасының Ұлттық екпелер күнтізбесіне АПВ-ға қарсы вакцинацияны енгізу – еліміздің болашақ ұрпағының денсаулығын сақтаудағы маңызды қадам.
2023 жылдан бастап облыс аумағында 11 жастағы қыздарды АПВ-ға қарсы вакцинациялау бойынша дайындық жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте санитарлық эпидемиологиялық бақылау Департаменті басшысының орынбасары Айгүл Тоқтабаева баяндады.
Қыркүйек айының ортасында 11 жастағы қыздарды вакцинациялау басталды. Вакцинация тек ата-аналардың келісімімен және дәрігердің тексеруінен кейін ғана жүзеге асырылады. Облыс көлемінде 317 мектепте егу кабинеттері дайындалып, екпе жұмыстары жүргізілуде. АПВ-ға қарсы вакцинаның бірінші бөлігі қыркүйекте жеткізілді. Қараша айында қосымша 4762 доза күтілуде.
Брифингте балалар гинекологы Гүлшат Оралтаева АПВ инфекциясының жыныстық жолмен таралып және халықтың 70-80%-ы өмір бойы осы вирусты жұқтыратынын айтты.