Сенаторлар денсаулық сақтау саласындағы кадрмен қамтамасыз ету мәселесін талқылады
Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылымы комитетінің депутаттары Астана қаласы әкімдігінің Жоғары медициналық колледжінде болды. Олар сапар аясында жалпы кәсіптік және арнайы пәндер бойынша оқу кабинеттерімен танысты. Сондай-ақ зертханаларды аралады және студенттер жатақханасында болды.
Комитет төрағасы Нұртөре Жүсіп колледждің педагогикалық ұжымымен кездесу барысында елімізде білім беру саласы белсенді дамып келе жатқанын, алайда медицинада білікті мамандар жетіспейтінін, бүгінгі таңда 4 мыңға жуық қызметкердің орны бос тұрғанын атап өтті.
«Облыс орталықтары мен ауылдарда қажетті жағдайдың болмауына байланысты білікті дәрігерлер тұрақтамайды, жайсыздықтар көптеген адамдарды кетуге мәжбүр етеді. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтай отырысында медицина қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту маңызды екенін атап өткен болатын. Кадр тапшылығының тағы бір себебі – мамандардың елден көшіп кетуі дер едім. Жыл сайын жоғары медициналық білімі бар мыңнан астам түлек елімізден көшіп кетуде. Шетелде оқығаннан кейін елге оралғандар жұмысқа орналасу кезінде кедергілерге тап болады. Сонымен қатар, жоғары технологиялық медициналық жабдықтармен жұмыс істей алатын мамандар да жетіспейді», - деді Нұртөре Жүсіп.
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының өкілі өз кезегінде Астана тұрғындары мен қонақтары 11 медициналық ұйымда және 47 емханада амбулаториялық ем ала алатынын айтты. Бұл мекемелерде 11 мыңға жуық медицина қызметкері, оның ішінде дәрігерлер, орта және кіші медициналық қызметкерлер жұмыс істейді. Кадр тапшылығын шешу үшін маман даярлау қарқынды түрде жүзеге асуда. 2024 жылы жоғары медициналық колледжге 1437 студент қабылданды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 3%-ға өскенін көрсетеді. Дәрігерлерді неғұрлым сұранысқа ие бағыттар бойынша оқытуға ерекше назар аударылады.
Колледждегі кездесу «Денсаулық сақтау жүйесін кадрлармен қамтамасыз етудің өзекті мәселелері» тақырыбы бойынша комитеттің көшпелі отырысына дайындық аясында өткізілді.