Demo Day аясында Әділет министрлігі цифрлық шешімдерін ұсынды
Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің ұйымдастыруымен Demo Day жалғасуда. Бұл іс-шара экономиканың түрлі салаларында цифрлық трансформацияны нығайту мен елдегі мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырудағы маңызды қадам болмақ.
Demo Day мақсаты - мемлекеттік қызметтерді жақсарту, процестерді оңтайландыру және олардың халық үшін тиімділігін арттыру мақсатында озық цифрлық жобаларды таныстыру және талқылау.
Demo Day шеңберіндегі таныстырылымды ҚР Әділет министрлігі өткізді. Министрлік тарапынан әзірленген цифрлық жобалар азаматтардың қаржысын үнемдеуге, уақыт шығынын қысқартуға және мемлекеттік қызметтерді автоматтандыруға бағытталған.
Шарада келесі жобалар таныстырылды:
- ҚР Әділет министрлігі Digital Justice – цифрлық Әділет жобаларының портфелін іске асыруда. Қазіргі таңда атқарушылық іс жүргізу процестерін автоматтандыру бойынша, яғни атқарушылық құжатты алған сәттен бастап оның аяқталуына дейін үлкен жұмыс жүргізілді.
- Е-заң көмегі жобасы — халықты онлайн режимде білікті заң көмегімен қамтамасыз етіп, адвокаттық қызметтер мен заң кеңесшілерінің жұмысын автоматтандыруға арналған.
- 2023 жылы атқарушылық іс жүргізу органдарының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі (АІЖО ААЖ) мобильді қосымшасы енгізілді, ол онлайн режимде сот орындаушысының жұмысын ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
- «МИБ-ті цифрландыру» жобасы. Министрлік мүлік иелерінің бірлестіктері (МИБ) қызметін құру және оны тіркеу шеңберінде электрондық дауыс беру бойынша пилоттық жобаны іске асыруда.
- Цифрлық нотариат - egov Mobile платформасында азаматтарға бейнеқоңырау арқылы онлайн форматта «цифрлық нотариаттық сенімхаттарды» ресімдеуге мүмкіндік беретін пилоттық жоба.
- Ағымдағы жылдың шілде айында Әділет министрлігі ЦДИАӨМ-мен бірлесіп «EGOV Mobile business» мобильді қосымшасында «Заңды тұлғаның цифрлық сенімхаты» сервисін іске қосты. Бұл қызмет ұйым басшыларына өз қызметкерлеріне сенімхат беру процесін едәуір жеңілдетеді және жеделдетеді.
ҚР Әділет министрлігі цифрландыру бағытында жүзеге асырып жатқан жобалары арқылы азаматтарға қызмет көрсету сапасын жақсартуға назар аударып отыр. Бұл бағытта Министрлік ЦДИАӨМ-мен бірлесе отырып, заманауи цифрлық шешімдерді енгізуде. Азаматтардың мемлекеттік қызметтерді жедел әрі тиімді алуы үшін жаңа технологиялар мен платформалар қолданылады.