Депутаттар мен сарапшылар Цифрлық кодекс жобасын «ашық код» форматында талқылайтын болады
Мәжілісте жаңа Цифрлық кодекс жобасын талқылау басталды. Алғаш рет депутаттар, жауапты мемлекеттік органдар және сарапшылардың бірлескен жұмысына арналған «Ашық код» алаңы іске қосылуда.
2023 жылдың қыркүйек айында Мемлекет басшысы өз Жолдауында «цифрландырудың басым принциптерін заңнамалық деңгейде бекітетін уақыт келгенін» атап өтіп, Үкіметке, сараптамалық қауымдастыққа және Парламент депутаттарына салалық құжатты дайындауды тапсырған болатын. Цифрлық кодекс осы міндетті шешуге бағытталып отыр.
«Ашық код» форматы бағдарламашыларға жақсы таныс және ол ашық талқылаулар мен кәсіби мамандардың өз ұсыныстарын енгізуді көздейді. Бұл жағдайда талқылау жақын арада депутаттар жұмысқа алатын Цифрлық кодекс нормаларына қатысты болады. Цифрлық даму саласындағы әрбір сарапшы нақты ұсыныстар енгізіп, кері байланыс алуға мүмкіндік алады. Мәжіліс пен Цифрлық даму министрлігінің алаңында талқылау барынша ашық және конструктивті болмақ. Қазақстан үшін мүлдем жаңа Цифрлық кодекс барлық заманауи тенденцияларды көрсетуі тиіс.
Цифрлық даму министрі Жасұлан Мәдиевтің айтуынша, цифрландыру бүгінгі таңда жай ғана тренд емес, қазіргі заман талабына айналды.
– Цифрлық кодекс Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру үшін әзірленіп, Қазақстанды цифрландыруды реттеудің жаңа форматын көрсетті. Қазақстанның цифрландыру бойынша көшбасшылық ұстанымдарын ескере отырып, оны әзірлеу және қабылдау уақытылы іске асырылуда. Соңғы бірнеше жылда Қазақстан цифрландыруда айтарлықтай жетістіктерге жетті және Орталық Азия елдері арасында көшбасшылық орнын нық ұстауда. Биыл Қазақстан БҰҰ-ның «Электрондық үкімет» жаһандық даму индексінде 24-орынға, ал «Онлайн қызметтердің сапасы индексінде» әлемнің 193 елі арасында 10-орынға ие болды, – деді министр.
Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляеваның айтуынша, жоба аясында сыртқы пікірталастар да жоспарлануда. Бүгіннің өзінде кәсіби қауымдастықтар деректерді басқару, цифрлық платформалар құқығы, киберқауіпсіздік, «Цифрлық құқық» сияқты бағыттар бойынша арнайы алаңдарды жоспарлап отыр. Цифрлық кодекс бойынша жұмыс саясатты, практиканы және ғылымды біріктіруі тиіс.
– Кодекстің мақсаты тұрғысынан қарағанда, Кодекс – бұл белгілі бір тепе-теңдік актісі. Бір жағынан, жаңа технологиялардың әлеуметтік-экономикалық қатынастар жүйесіне қалай әсер ететін шекараларын белгілеуі керек, ал екінші жағынан – цифрлық дамуға қолайлы құқықтық орта жасауы тиіс, – деді Мәжіліс вице-спикері Альберт Рау.
Бүгінгі таңда Кодекс жобасында автоматтандырылған шешімдерге және оларды адамның қатысуымен қайта қарау мүмкіндігіне қатысты негізгі сәттер, цифрлық инклюзия, цифрлық теңсіздікті болдырмау, цифрлық нигилизмге қатысты негізгі тәсілдер көрсетілген. Тағы бір маңызды мәселе – қауіпсіздік. Кодекс деңгейінде цифрлық ортада қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізгі тәсілдері ұсынылады. Биометриялық деректерді ұйымдастыру мен жеке деректерді қорғауға қатысты көзқарас ұсынылып отыр. Цифрлық объектілердің мәртебелері анықталып, олардың кейінгі қорғалуы осыған байланысты болмақ. Салааралық процестерге, цифрлық трансформацияға және цифрлық құжаттармен жұмыс істеуге ерекше көңіл бөлінетін болады.