Қазақстан мен ЕО парламентаралық ынтымақтастықты нығайтуға келісті
Еуропалық Парламент қабырғасында Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенконың Орталық Азия және Моңғолиямен байланыс жөніндегі Еуропалық Парламент делегациясының (DCAS) жаңа төрағасы Джузеппина Принчимен кездесуі, сондай-ақ DCAS жаңартылған құрамы мен Еуропарламенттің негізгі фракцияларының саяси кеңесшілері үшін арнайы брифинг өтті.
ЕО-мен ағымдағы ынтымақтастықтың жоғары деңгейін атап өткен Р. Василенко
«Еуроодақ – Қазақстанның басты сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестерінің бірі» деп атап өтті.
Ол энергетика, логистика және көлік секторларындағы ынтымақтастық көкжиегін кеңейтудің маңыздылығына назар аударды. Осы тұрғыда Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту және «жасыл» сутегі өндіретін зауыт салу жөніндегі жобалар Еуропарламент делегациясының жаңа құрамының ерекше қызығушылығын тудырды.
Диалогтың ерекше назары сирек жер материалдары саласындағы ынтымақтастық мәселесіне аударылды. Еуропалық тарап Қазақстанның «минералдық ресурстар қауіпсіздігі жөніндегі әріптестік форумына» қосылуын құптап, осы салада озық технологиялық шешімдерді қолданудың маңыздылығын атап өтті.
«Қазақстан ЕО-ның дәстүрлі энергия көздеріндегі энергетикалық серіктесі бола отырып, сыни минералдардың сенімді жеткізушісі болуға дайын. Еуропалық бизнес осы саладағы ынтымақтастықты дамытуда белсенді рөл атқара береді деп сенеміз» – деді Р. Василенко
Саяси мәселелерді талқылау шеңберінде тараптар заңның үстемдігі және адам құқықтарын қорғау сияқты негізгі мәселелер бойынша диалогты дамытуды жалғастыру ниетін растады. Орталық Азия елдерімен өңіраралық ынтымақтастықты дамытуға, өңірдегі ЕО бағдарламаларына және мемлекетіміздің халықаралық бастамаларына ерекше назар аударылды.
Дж. Принчи ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде жүргізіліп жатқан қоғамдық-саяси реформаларға қолдау білдіріп, бұл өзгерістердің ел дамуының контекстінде де, кеңірек халықаралық контексте де үлкен маңызға ие екенін атап өтті. Сонымен қатар, іске асырылып жатқан бірлескен жобаларға, оның ішінде білім беру саласында (Erasmus+ and Horizon) қолдау, сондай-ақ қазақстандықтар үшін іскерлік, мәдени және гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту үшін визалық режимді жеңілдету және ырықтандыру бойынша сөздері айтылды.
Еуродепутаттар болашақта энергетикадағы ынтымақтастықтың қосымша салаларын ашатын АЭС салу туралы жалпыұлттық референдум шеңберінде Қазақстан халқы қабылдаған демократиялық шешімнің маңыздылығын атап өтті.
Брюссельде Р. Василенконың Еуропалық сыртқы істер қызметі басқарушы директорының орынбасары Люк Девинмен кездесуі өтті. Тараптар саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық қатынастарды егжей-тегжейлі талқылады. Атап айтқанда, ү.ж. 14 қазанда Люксембургте өткен ҚР-ЕО ынтымақтастық кеңесінің 21-ші отырысы барысында Сыртқы істер министрлері Мұрат Нұртілеу мен Мажарстанда ЕО-ға төрағалық етуші Петер Сийярто деңгейінде уағдаластықтарды іске асыру жоспарлары белгіленді.
Мәселелердің кең күн тәртібін ескере отырып, Тараптар ҚР мен ЕО арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімді іске асырудың негізгі бағыттарына назар аударды, ҚР азаматтары үшін ЕО визалық талаптарын жеңілдетуге, СЖМ бойынша жол картасы шеңберіндегі өзара іс-қимылға, сондай-ақ ынтымақтастықтың жаңа тауашаларын айқындауға баса назар аударды. Еуропалық дипломат тараптар арасындағы қалыптасқан сенімді диалогты ескере отырып, Брюссель қарым-қатынас күн тәртібінің барлық спектрі бойынша Астанамен көпжақты өнімді ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екенін атап өтті.