Өскеменде Қазақстан халқы Ассамблеясының журналистер клубының III көшпелі отырысы өтті
2024 жылғы 18 қазанда Өскеменде Қазақстан халқы Ассамблеясының журналистер клубының III көшпелі отырысы өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – бұқаралық ақпарат құралдарында этносаралық қатынастарды жариялау бойынша ақпараттық жұмыс саласында тәжірибе алмасу.
Отырыста этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты түсіндірудің тиімді әдістері, сондай-ақ әлеуметтік желілерде «араздық тілін» қолданудың алдын алу шаралары талқыланды.
Іс-шараға ҚР Парламенті Сенатының депутаты Геннадий Шиповских, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин, ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА Хатшылығының инспекторы Мұхтар Құлжан, Қазақстандағы Конрад Аденауэр қорының жобалар үйлестірушісі Әділжан Ахметов, сондай-ақ блогерлер, медиа-тренерлер және журналистика факультетінің студенттері қатысты.
Онлайн форматта сөз сөйлеген Ғалым Шойкин бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдық пікірді қалыптастырудағы шешуші рөлін атап өтіп, журналистер ақпаратты жай ғана беріп қоймай, азаматтар арасында мемлекеттік саясатты қабылдауды қалыптастыратынын жеткізді. Ол этносаралық терминдерді дұрыс қолдануға, «араздық тіліне» жол бермеуге және ҚР заңнамасын сақтауға ерекше назар аударып, бұл тақырыпты жариялау кезінде мұның өте маңызды екенін баса айтты. Шойкин, сондай-ақ, бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз етпей, елде тұрақты даму болмайтынын атап өтті. Әрі ол этножурналистиканы дамыту жөніндегі министрлік атқарып жатқан жұмыстар туралы бөлісті.
Отырыс барысында қатысушылар этносаралық салада сапалы және объективті контент құрудың түрлі тәсілдерін талқылады. Әлеуметтанушы және PaperLab зерттеу орталығының директоры Серік Бейсембаев ақпараттық кеңістіктегі қақтығыстардың алдын алу әдістемесін ұсынды, ал Factcheck.kz бас редакторы Думан Смақов этносаралық қақтығыстар кезінде көрнекі ақпараттың дұрыстығын тексеру туралы айтты.
Іс-шара этносаралық саладағы БАҚ жұмысының сапасын арттыруға ықпал етіп, журналистер, сарапшылар, жастар және мемлекеттік құрылымдар өкілдері арасындағы кәсіби диалог үшін маңызды алаңға айналды.