Кешегі күннің айғағы, тарихтың таңбасы – ескерткіштер
Ескерткіштер – ұлттың жады мен тарихи кезеңдердің таңбасы, өткеннің шежіресі. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын осынау тарихи мұраларды сақтап, оларды болашаққа бүтіндей жеткізу – біздің қасиетті міндетіміз. Ұлттың тарихына тағзым ету, бабалар ерлігін ұлықтау және өткен күннің естелігін мәңгі сақтау – қоғамның басты парызы.
Осы мақсатта Аягөз қаласының орталық алаңында орналасқан бірқатар маңызды ескерткіштерге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, бұл жұмыстар Ұлы Отан соғысы мен Ауған соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіштерді және Кеңес Одағының Батыры М. Әбеуловтың құрметіне қойылған ескерткішті қамтиды.
Бұл ескерткіштер тек сәндік нысандар ғана емес, олар ел басынан өткен қиын-қыстау кезеңдердегі ерлік пен елдік рухты дәріптейді. Ардагерлерге арналған монументтерді қалпына келтіру – соғыс батырларының ерлігін ұмытпай, өскелең ұрпаққа өнеге ету мақсатында жүзеге асырылып жатқан маңызды іс-шаралардың бірі.
Ағымдағы жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарын «SATTI» ЖШС құрылыс компаниясы жүргізуде. Жөндеу жұмыстары қыркүйек айында басталып, қазан айында толық аяқтау жоспарланған. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары қарқынды түрде жалғасуда. Жобада ескерткіштердің бастапқы бейнесін сақтай отырып, олардың материалдық құрылымын күшейту және сыртқы келбетін жаңарту қарастырылған.
Бұл іс-шаралар ескерткіштердің тек көзтартарлық көрінісін қалпына келтірумен шектелмей, олардың тарихи мән-маңызын айқындай түсуге бағытталған. Мұндай жұмыстар елдің тарихи мұрасына деген қамқорлықты көрсетеді және ескерткіштердің болашақ ұрпаққа сақталып жетуіне ықпал етеді.
Аягөз қаласындағы ескерткіштерді жөндеу жұмыстары – өткеннің құндылығын бағалап, оны болашаққа аманаттау жолындағы маңызды қадам. Ұлы Отан соғысы мен Ауған соғысы ардагерлерінің құрметіне қойылған бұл ескерткіштер халықтың тарихи жадын жаңғыртуға және өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беруге қызмет етеді.