Cемей-13°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
498.34 519.72 4.85

Мәжіліс депутаты Түркияда гендерлік теңдікке және климаттың өзгеруіне арналған өңіраралық форумға қатысты

22-10-2024, 15:23 Думан Кенжеғазыұлы

Мәжіліс депутаты, AMANAT партиясы фракциясы жетекшісінің орынбасары Жұлдыз Сүлейменова  Стамбұлда «Гендерлік теңдікті қамтамасыз етуге арналған инвестиция және климаттың өзгеріуіне бағытталған инклюзивті шаралар» тақырыбындағы өңіраралық диалог форумына қатысты.

Маңызды іс-шараны БҰҰ Даму бағдарламасы, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы мен Түркия Үкіметі ұйымдастырды.

  Мәжіліс депутаты  форумның панельдік сессиясында сөз алып,   елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан әйелдер құқықтарын қорғау және гендерлік теңдікті қамтамасыз етуге бағытталған реформалар туралы мәлімет берді. Әсіресе, жақында қабылданған Әйелдер құқығын қорғау және балалардың қауіпсіздігі туралы заңға назар аударып, АЭС салуға қатысты өткен референдумның маңыздылығына тоқталды.

Сонымен бірге STEM білім беру жүйесінің мектептердегі жетістіктері мен университеттерде энергетик маман даярлаудың жаңашылдықтары туралы айтты.

Жұлдыз Сүлейменова атап өткендей, Қазақстанда энергетика секторында болып жатқан өзгерістердің негізінде университеттерде 208 білім беру бағдарламасы енгізілуде. Оның ішінде «Эко-Энергетика», «Гидроэнергетика» мен «Энергетикалық менеджмент және тұрақты даму» сияқты 52 жаңа әрі инновациялық курстар бар. Бұл бағдарламалар білікті кадрлар қалыптастырумен бірге әйелдердің техникалық және инженерлік салаларда дамуына мүмкіндік береді.

– Әйелдердің дәстүрлі энергетика саласындағы үлесі 24 пайыздан 26 пайызға дейін өсті. Жаңартылатын энергия секторында бұл көрсеткіш 17 пайызды құрайды. Осы саладағы басшылық қызметтің 12 пайызы әйелдерге тиесілі. Жалпы әлемде қыздардың тек 20 пайызы STEM мамандықтарын таңдайды. Ал «жасыл» мамандықтарда жұмыс істейтін әйелдердің үлесі небәрі 11 пайыз, – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Одан әрі депутат гендерлік стереотиптерді өзгерту, қыздардың сапалы білім алуы, STEM бағдарламаларға қызығушылығын арттыруы, сол арқылы тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу мүмкіндіктеріне тоқталды.

Форум аясында климаттың өзгеруінің экономикаға, экологияға әсері, инклюзивті қоғам және әйелдердің рөлі, сондай-ақ олардың ғылым, технология, инженерия және математика (STEM) сияқты салалардағы мүмкіндіктерін арттыру, энергия қауіпсіздігі және әлеуметтік теңсіздік сынды өзекті мәселелерге әйелдердің қатысуы төңірегінде жан-жақты талқылау болды.

Іс-шараға Парламент депутаттары, Үкімет мүшелері, саясаткерлер, азаматтық қоғам өкілдері және сарапшылардан құралған 200-ге жуық адам қатысты.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив