Үкімет егін жинау науқанын қорытындылады: 26,5 млн тонна астық бастырылды
Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында егін орағының қорытындысы қаралды. Ауыл шаруашылығы, сауда және интеграция, көлік министрлері, сондай-ақ бірқатар облыс әкімдері диқандарды сапалы тұқыммен және минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз ету, сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу, оның ішінде экспорттық нарықтарды кеңейту туралы баяндады.
Ауыл шаруашылығы министрлігі келтірген деректерге сәйкес, биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егіс алқабы 23,3 млн гектарды құрады, оның 16,7 млн гектарына дәнді дақылдар егілді. Дала жұмыстары 99,7%-ға аяқталды. 26,5 млн тонна астық бастырылды.
Премьер-министр биыл көктемгі егіс және күзгі жиын-терім жұмыстарын уақтылы және сапалы жүргізу үшін қажетті шаралардың барлығы қабылданғанын атап өтті. Мәселен, саланы жеңілдікті қаржыландыру көлемі алғаш рет рекордтық 580 млрд теңгеге дейін жеткізілді. Бұл қаражат егіншілерді тікелей несиелендіруге, пайыздық мөлшерлемені арзандатуға және форвардтық сатып алуға бағытталды. 2025 жылы қаржыландыру көлемін 700 млрд теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр. Ауыл шаруашылығы техникасын лизингпен сатып алуға 120 млрд теңге тартылды. Сондай-ақ, диқандар тұқыммен, тыңайтқыштармен қамтамасыз етілді.
Аталған шаралар ауыл шаруашылығы дақылдарының барлық түрі бойынша жоғары нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік берді. Атап айтқанда, биыл қант қызылшасы бойынша рекордтық өнім жинаймыз деп отырмыз. Жамбыл облысында ол гектарынан 700 центнерден асып түсті.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл көктемгі егіс және күзгі жиын-терім жұмыстарын уақтылы және сапалы жүргізу үшін қажетті шаралардың барлығы қабылданды. Ендігі басты міндет – жиналған өнімді сақтау мен өткізу. Ауыл шаруашылығы министрлігіне облыс әкімдіктерімен бірлесіп, жиналған астықты шашпай-төкпей дер кезінде тасымалдауды, оны кептіріп, элеваторларға жеткізу қамтамасыз етуі қажет. Барлық астық қабылдау кәсіпорындары үздіксіз жұмыс режиміне көшуі керек. Дәнді-дақылдарды сақтау мәселесін ерекше назарға алу қажет. Сондай-ақ фитосанитариялық қызмет астық сапасына қатаң бақылау жасауы тиіс. Сонымен қатар болашақ егінге арналған тұқым қорын 100% қамтамасыз ету қажет», — деп атап өтті Премьер-министр.
Сауда және интеграция, Ауыл шаруашылығы министрліктері алдына өндірілген өнімді өткізу міндеті қойылды. Астықты дәстүрлі нарықтарға – Орталық Азия мен Ауғанстан елдеріне де, импорттың өсуі болжанатын жаңа нарықтарға – Пәкістан, Индонезия, Бразилия және Малайзияға да жеткізуді қамтамасыз ету қажет. Биылғы егіннен шамамен 12 млн тонна астық экспорттау жоспарланып отыр. Осыған байланысты Көлік министрлігі «Қазақстан темір жолы» компаниясымен бірге үздіксіз тасымалды ұйымдастырып, вагондармен қамтамасыз етудің нақты кестесін бекітуі қажет.
Олжас Бектенов диқандарды тыңайтқыштармен қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударды. Өнеркәсіп министрлігіне отандық өндірушілермен бірге диқандар үшін тыңайтқыштың қажетті көлемін шығаруға алдын ала қамдану тапсырылды, ал әкімдіктерге жеткізу шарттарына уақтылы қол қойып, қоймаларда тыңайтқыштардың қажетті қорын қамтамасыз ету маңызды. 2025 жылы өңірлерде қолданылатын минералды тыңайтқыштар көлемі – 1,9 млн тоннаға дейін жоспарланған.
Премьер-министр 2025 жылғы егіс және егін жинау науқандарын уақтылы өткізуге назар аударды. Ауыл шаруашылығы министрлігіне «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп, биылғы 1 желтоқсаннан бастап диқандарды ерте қаржыландыруды қолға алуы тапсырылды.
Отырыс соңында Олжас Бектенов егін орағын уақтылы аяқтағаны үшін диқандарға алғыс білдірді.
«Мемлекет басшысы атап өткендей, еңбек адамы – елдің байлығы. Астықты алқаптың дәні диқанның қажырлы еңбегімен, маңдай терімен өседі. Сондықтан еңбектеріңіз жана берсін. Баршаңызға амандық-саулық пен сәттілік тілеймін», — деп атап өтті Премьер-министр.