Сенат жанындағы «Ұлттық мүдде» алаңында отаншылдық құндылығын дәріптеу мәселесі талқыланды
Суретті түсірген: Н. Байбулин
Бүгін ҚР Ұлттық музейінде Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың қатысуымен «Ұлттық мүдде» диалог алаңының кезекті отырысы өтті. Онда зиялы қауым өкілдері мен сарапшылар рухани-адамгершілік құндылықтар мен дәстүрлер сабақтастығын сақтай отырып, жас буынды патриоттық рухта тәрбиелеудің басым бағыттарын талқылады.
Сенат Спикері өз сөзінде қазіргідей жаңа сын-қатерлер мен үрдістер кезеңінде ұлттық құндылықтарды дәріптеу және патриотизмді нығайту маңызды міндет екенін атап өтті. Сондай-ақ ол отаншылдық ұлттық бірегейлікті сақтаудың басты шарты саналатын ауқымды ұғым екенін тілге тиек етіп, осы бағыттағы идеологиялық жұмысқа басымдық берілетінін айтты.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында ұлттың жаңа келбетін айқындайтын негізгі құндылықтар кешенін жариялады. Солардың ең алғашқысы – Тәуелсіздік және Отаншылдық құндылықтары. Мемлекет басшысы атап өткендей, әр азамат Отанға деген сүйіспеншілігін сөзбен ғана емес, нақты іспен көрсетуі қажет. Бұл ретте өзгеге қол ұшын созу, белсенді азаматтық ұстаным, өз ортаңды жақсартуға ұмтылу сияқты игі істердің бәрі Отаншылдықтың көрінісі екені белгілі. Патриотизмнің тағы бір шарты – тарихқа құрмет және болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілікті сезіну. Осы орайда аталған құндылықты дұрыс мазмұнмен байытудың маңызы зор. Отаншылдық жасампаздық пен жарасымның кепілі болуға тиіс», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар Палата Төрағасы бұл міндетті сапалы әрі кешенді іске асыру жолында негізінен зиялы қауым өкілдеріне, сала мамандарына және креативті жастарға үлкен жауапкершілік жүктелетінін айтты. Патриотизмнің қалыптасуына және оның санада берік орнығуына білім беру, ағарту, медиа салаларының да ықпалы зор. Мәулен Әшімбаев осы бағыттағы тың бастамаларға және мәдениет пен өнерді дамытуға арналған істерге қолдау көрсетудің маңызды екеніне назар аударды.
«Тәуелсіздігімізді сақтау және жетістіктерімізді еселеу – мемлекет пен жауапты, патриот азаматтардың бірлескен күш-жігерінің арқасында іске асырылатын маңызды міндет. Шын мәнінде, бұл бағытта бірлесіп атқаратын ауқымды жұмыс аз емес. Сондықтан бүгін айтылған барлық ұсыныс Палатаның жұмысында назарға алынады және тиісті мемлекеттік органдарға жолданады», – деді Мәулен Әшімбаев.
«Ұлттық мүдде» диалог алаңының отырысында сенаторлармен қатар жазушы, драматург, сценарист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері және ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Роза Мұқанова, белгілі ғалым, қоғам қайраткері, ҚР Ұлттық музейінің басшысы Берік Әбдіғалиұлы, «Оскар» байқауында International Feature Film аталымы бойынша Қазақстанның атынан ұсынылатын «Бауырына салу» фильмінің режиссері Асхат Кучинчереков және тағы басқа сарапшылар сөз сөйлеп, өз пікірлерін білдірді.