Корей импорттаушылар қауымдастығы Қазақстанмен қарым-қатынасты кеңейтуге дайын
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров, ҚР СІМ Инвестициялар комитетінің төрағасы Ғабидолла Оспанқұлов және «Kazakh Invest» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ержан Елекеев Корей импорттаушылар қауымдастығының төрағасы («KOIMA») Бёнг-Гван Киммен кездесті.
Кездесу барысында Ә. Қуантыров сұхбаттасын Қазақстанның инвестициялық ахуалымен, мемлекеттік қолдау шараларымен, сондай-ақ қазақ-корей ынтымақтастығын кеңейтудің перспективалы бағыттарымен таныстырды. Министрдің орынбасары Қазақстанның азық-түлік өнеркәсібі, медицина салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға және елімізде қажетті шикізаттың болуын ескере отырып, сирек жер металдарынан жасалған құрамдас бөліктер өндірісін оқшаулауға мүдделі екенін атап өтті.
Сондай-ақ Қазақстанның жаңа инвестициялық саясаты одан әрі экспортқа баса назар аудара отырып, қосылған құны жоғары салаларды дамытуға бағытталғаны баса айтылды. Осыған байланысты алдыңғы қатарлы корей технологиялары адами және технологиялық мүмкіндіктерді нығайтуда маңызды рөл атқара алады.
Б. Ким Қазақстанның бай ресурстық базасы Оңтүстік Кореяның тәжірибесімен және білімімен ұштасып, экспортқа бағытталған тауарлар өндірісін оқшаулау үшін жақсы жағдай жасап отырғанын мәлімдеді. Сонымен бірге «KOIMA» төрағасы екі елдің алыстығына байланысты қазақстандық өнімді Оңтүстік Кореяға экспорттауды қиындатып отырған логистикалық мәселелерге алаңдаушылық білдірді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар қазақстандық бидайды Оңтүстік Кореяға жеткізуден бастап, ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты дамытуға, сондай-ақ өнімді экспорттауды жеңілдету үшін логистикалық мәселелерді талқылауды жалғастыруға келісті.