Татарстанда қазақтың ұлы ақыны әрі ойшылы Абай Құнанбаевтың ескерткіш-бюсті ашылды
Татарстан астанасында қазақтың ұлы ақыны әрі ойшылы Абай Құнанбаевқа арналған ескерткіштің ашылу салтанаты өтті.
Іс-шара Қазақстан Президентінің 2024 жылғы 22-24 қазан аралығында өтіп жатқан БРИКС мемлекет басшыларының XVI Саммитіне қатысу үшін Қазан қаласына жұмыс сапары аясында өткізілді.
Ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Татарстан Республикасының Мәдениет министрі Ирада Аюпова, Қазандағы ҚР Бас консулы Ерлан Ысқақов, сондай-ақ Татарстан Жазушылар одағының төрағасы Ркаил Зайдуллин, сондай-ақ қала тұрғындары мен қазақ ұлттық-мәдени автономиясының өкілдері қатысты.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Қазанда ескерткіштің ашылуын халықтар арасындағы достықтың, өзара түсіністік пен рухани туыстықтың үлгісі екенін айтты.
Ұлы ойшылдың ескерткіші Қазан қаласында Назарбаев пен Качалов көшелерінің қиылысында орнатылды. Бюст авторы – Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі, мүсінші Нұрбол Қалиев.
Салтанатты іс-шара қазақ ақынының ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен қорытындыланды.