Үкіметте «Жайлы мектептерді» басқару мәселелері қарастырылды
Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған мектептерді басқарудың тиімді жүйесін құруды тапсырды. Оқу-ағарту министрлігі, білім саласындағы сарапшылардың қатысуымен бірқатар ұсыныс әзірледі. Олар Үкіметте ұйымдастырылған кеңес кезінде талқыланды. Оған ҚР Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова, ҚР Президентінің ішкі саясат мәселелер және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі Руслан Желдібай, оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, сондай-ақ білім саласының сарапшылары мен өкілдері қатысты.
Бүгінде елімізде ұлттық жоба аясында салынған 28 мектеп жұмысын бастады. Келер жылдың соңына дейін барлығы 217 нысан пайдалануға беріледі деп жоспарланған.
Салалық министрлік пен білім беру саласының сарапшылары жайлы мектептерді басқарудың бірнеше моделін ұсынды. Онда білім ошақтары жұмысының мазмұнына баса мән берілді. Сондықтан оқу бағдарламалары, оқыту әдістемелері, білім және ұстаздар дайындығының деңгейін бағалауда Назарбаев зияткерлік мектептері, Білім-инновация лицейлері, Республикалық физика-математика мектептері, Бином желісі секілді елдегі алдыңғы қатарлы кейстерді пайдалану ұсынылуда.
Тамара Дүйсенова алдағы уақытта жайлы мектептер өз мүмкіндіктерін пайдалана отырып, өзге орта білім беру мекемелеріне үздік тәжірибелерді таратудағы тірек мектептер болуы тиіс екенін атап өтті.
Руслан Желдібай кеңес барысында айтылған ұсыныстар оңтайлы әрі тиімді шешім қабылдау үшін мұқият қарастырылатынын жеткізді.