Cемей-1°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
495.2 522.34 4.94

“BIRGEMIZ: Asyl Mura” жалпыұлттық жобасы аясында сәтті жүзеге асқан жобалар таныстырылды

26-10-2024, 12:17 018.kz

Бүгінгі таңда республика көлемінде “BIRGEMIZ: Asyl Mura” жалпыұлттық жобасы аясындағы шағын гранттар байқауы  жүзеге асты. Байқау ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ үкіметтік емес ұйымдарға мемлекеттік грантының “№37.Тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтау жөніндегі “Birgemiz: Asyl мura” жалпыұлттық жобасын іске асыру” аясында “Даналық”  қоғамдық қорының ұйыдастыруымен жүзеге асты.

Еліміздің тарихи-мәдени орындарын насихаттауға волонтерлерді тарту мақсатында аталмыш байқаудың 30 жеңімпазы әрқайсысы 300 000 теңгеден алып, өз ойларын жүзеге асырды. Жобаға қатысушылар бастапқы кезеңде «Даналық» қоғамдық қоры ұйымдастырған бөлек вебинарларда қажетті дайындықтан өтті. Мәліметтерге  сәйкес жобаға қатысуға 220 өтінім қалдырып, оның 190-ы арнайы вебинарларға қатысып дәріс алды. Еліміздің әр өңірінен қатысқан 122 жобаның 22-сі үкіметтік емес ұйымдардан, 26-сы бастамашыл топтардан, 74-і жеке тұлғалардан келген өтінімдер болды. Жоба сарапшыларының нәтижесінде олардың 30-ы жеңіске жетті. Қазіргі таңда барлық ұйымдар мен тұлғалар толық қаражатпен қамтамасыз етіліп, жобаларын іске асырды. Барлық жоба өте жақсы деңгейде өтті. Грант иегерлері жобаға волонтерлерді көбірек қамти отырып, тарихи-мәдени ескерткіштердің маңыздылығын өткелең ұрпаққа түсіндіре алды. Жоба барысында 1200 волонтерлерді қамту жоспарланған еді. Шағын гранттар байқауы нәтижесінде 2500 жуық волонтер қамтылды. Мектеп оқушыларынан бастап, жас буын, студенттер, орта буын және де күміс волонтерлер қамтылды. Жобалар күтілетін мақсаттардың барлығын 100 пайыз орындап, оң нәтиже көрсетті. Мақала барысында өздеріңізге жүзеге асқан жобалардың ішіндегі табысты кейстер туралы таныстырып өтуді жөн көрдік.

Қазақстанда этнотуризм белсенді дамып келеді. Адамдар киелі жерлерге, табиғи туристік маршруттарға қызығушылық танытады. Өкінішке орай, табиғат аясында демалу кезінде туристер көбіне қоқыстарды тастап қана қоймай, тарихи ескерткіштерге, жартастарға вандалдық жазуларды да қалдырады. Тарихи орындар мен ескерткіштер, жартастар мен құздар – даламыздың інжу-маржаны, олар ойы тар адамдардың «шығармашылығынан» зардап шегеді. Жазулар ескерткіштерді бұзады және де табиғаттың қайталанбас сұлулығын жасырады. Табиғатымызды сол қалпында сақтап, қазақ туризмінің дамуына үлес қосып этноволонтерлік қызметті жетілдіруді мақсат тұтқан Санақбай Жанарай Сансызбайқызы “Өз елімізде із қалдырмай Sayahattaim 3” жобасы арқылы және Қинаятов Серікболсын Манарбекұлы “Баянауылдың тарихи ескерткіштерін қалпына келтірейік” жобасымен үлкен қызығушылық тудырды. Жоба Павлодар облысы Баянауыл ауданында жүзеге асты. Ескерткіштерге тазалық жұмыстары жүргізіліп, вандалдық жазулар өшірілді. Жұмыс жергілікті БАҚ-та жарияланып, халықтың оң бағасын алды.

Қаракемер қалашығында жүргізілетін археологиялық зерттеу жұмыстарына волонтерлерді қатыстыруды мақсат тұтқан Дильдабекова Салтанаттың да жобасы өз кезегінде сәтті жүзеге асты. Волонтерлердің жаз уақытында өз өлкесінің тарихи және мәдени мұрасына қызығушылықтарын оятып, қазба жұмыстарына қатыстыру Салтанаттың негізгі идеясы болды.  Бұл шара волонтерлердің далалық археология негізінде археологиялық деректердің негізін құрайтын археологиялық ескерткіштердің түрлерімен танысуларына мүмкіндік берді. Қаракемер қаласына барып экспедиция жетекшісі ҚР ҰҒА ҒМ Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтының жетекші ғылыми қызметкері PhD доктор Ералы Ақымбек Шардарбекұлы мен топ мүшелерімен таныса отырып, археологиялық сабақтар алды. Болашақта археолог маман боламыз деген жаңа буын қалыптасты. 

Бабаларға құрмет – ұрпаққа міндет деп ұран еткен Қалманбаева Диана бастаған топ Ақтөбе кесенесіне волонтерлермен барып, сол жерде арнайы реставрация жұмыстарын атқарды. Жобаның мақсаты Ақтөбе кесенесінің бүлінген жерлерін жаңартып, ғылыми реставрация жұмысын жүргізе отырып, халқымыздың тарихының жаңғыруына септігін тигізіп, тарихи мұраны сақтауға қол ұшын созу болды. Жоба иегерлері мақсаттарына жетіп, кесене қайта қалпына келтіріліп, арнайы тақтайша орнатты. Бірақ тек бұл шарамен шектелмей Диана ханым қызметкерлермен бірге арнайы жол белгілерін қойып, кесенеге келушілерге арнайы бағыт орналастыруды көздеп отыр. 

Қазақтың маңдайына біткен белді азаматы Құдайберген Жұбановтың туғанына 125 жыл толуына орай еріктіміз Бупежан Ақбаян Галламқызы “Киелі Жұбановтардың мекені” тақырыбындағы жобасымен Жұбановтардың туған өңіріне экскурсия жасады. Экскурсия барысында жастарымыз Жаңатұрмыс ауылына барып Қуан Жұбановтың өзі қазған құдығына барып, салқын сумен сусындап, Жұбановтардың ата – анасы, Құдайберген Жұбановтың баласы мен немересі  жерленген бейіт басына барып құран бағыштады. Бұл игі бастама барысында волонтер жастардың бабаларымызды танып, қоғамдық жұмыстарға көбірек араласуына септігін тигізді, сонымен қатар, халықтың жобамен кеңінен танысып, алдағы уақытта да осындай жобалар жасауға бағыт бағдар берілді. Тарихта өшпес із қалдырған бабаларымызды құрметтеу, оны өскелең ұрпаққа дәріптеу қай қайсымызға болмасын міндет. Осы жолда Ақбаян жақсы қызмет атқарды деп ойлаймыз. 

Қазақтың сопы ілімінің негізін қалаушы Қожа Ахмет Йасауидің қызы Гауһар ананың кесенесіне тазалық жұмыстарын жүргізу, өскелең ұрпақ арасында ата-баба аманатын насихаттау, бабалардан қалған дара ізді сақтап қалу, өңір жастарын волонтерлық жұмыстарға тартуды мақсат еткен Абуллаев Баходирдің “Көркейген Гауһар ана кесенесі” атты жобасы да сәтті жүзеге асқан жобалардың қатарында. Жоба аясында 70-ке жуық қатысушымен Гауһар ана кесенесіне тазалық жұмыстары жасалды. 100-ге жуық адамды қамтитын бұл жобаның өскелең ұрпаққа берері мол болды. Волонтерлер кесене маңын күл-қоқыстан тазартып, айналасын сырлау, әктеу, қоршауларын краскілеу жұмыстарымен айналысты. Ауа-райының құбылмалылығы салдарынан кесененің бірнеше бөлігіне зақым келген. Волонтерлар жоба нәтижесінде кесененің зақым келген бөліктерін қайта жаңартты. Кесененің аймағы адам көп келетін аймақ болғандықтан қоқыстарға тез толып қалып жатады. Кесене орталықтан шалғай орналасқан соң көпшілік адам тазалық жұмыстарына бара бермейді. Волонтерлік жасақ арқылы бірнеше тоннаға дейін қоқыстарды шығару көзделді және іске асырылды.

Шағын гранттар байқауы арасында ерекше қызығушылық танытқан жобалардың бірі Әбілқайыр Әлиханның ”Qazaqsha QUEST:AQTOBE” жобасы болды. Жобаның мақсаты облыс жастары арасында квест арқылы ескерткіштерді насихаттау және дәріптеу. Жоба барысында 12 аудан қамтылып, әр ауданда квест ойындары ұйымдастырылды. Жеңіске жеткен командалар арасында МЕГА Финал өткізіліп, жеңімпаздар арнайы бағалы сыйлықтармен марапатталды. Жобаға 100 ден астам волонтер қамтылып, жастар арасында тарихи әрі мәдени ескерткіштерді насихаттаудың жаңаша бір үлгісін көрсетті. 

Жастар мен оқушылар өз өңіріндегі тарихи ескерткіштер туралы терең хабарда болмай жатады. Аталған мәселені шешуде Базарханұлы Расул бастаған топ өкілдері мониторинг жұмыстарын жүргізіп арнайы бейнероликтер әзірлеу арқылы тарихи ескерткіштерді насихаттады. Жергілікті өлкетанушылардан алынған ақпараттар, сапалы түрде бейнероликтерге жүктелді. Қазіргі дамыған цифрлы заманда ескерткіштерді бұлай насихаттау өзіңдік жаңа сипат алды десек те болады. 

Ескерткіштер әрбір елдің тарихы мен өткенінен сыр шертер халықтың ұлттық байлығы ғана емес, сол елдің өткені мен бүгінін саралайды, сөйтіп, келешек ұрпаққа тәлім-тәрбие беруде маңызы зор. Тарихи-мәдени кешендерді қорғаудың маңыздылығы жайында көрнекті мемлекет қайраткері, этнограф, тарихшы ғалым Өзбекәлі Жәнібеков: «Қай халықтың болса да рухани әлеміне саяхат оның көне ескерткіштерімен, тарихи орындарымен танысудан басталатыны мәлім. Оларды сақтау ұлтты сақтау болып табылады», – деп жазып кеткен болатын. Жасыратыны жоқ, тарихи-мәдени құндылықтардың тоналуы мен зақымдануы кез келген елдің, халықтың тарихын, мәдениетінің күйреуіне, жойылуына алып келетіндігін көріп отырмыз.

Осы орайда, жергілікті халық аталған тарихи-мәдени кешендерді бүгіннен бастап бүлінуден, зақым келтіруден қорғап, өсіп келе жатқан жас ұрпаққа ескерткіштерді қорғау елдің, барша халықтың баға жетпес асыл қазынасы екенін түсіндіріп, насихаттап отыруы қажет-ақ. Тарихи-мәдени кешендерді қорғап, сақтау және болашақ ұрпаққа аманат етіп қалдыру – әрқайсымыздың азаматтық міндетіміз.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив